в актогае 32
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
Мобильная версия

Ақтоғай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 10 айдағы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы

Ақтоғай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бойынша – 43 мәдени объекті бар: 20 клуб үйі; 19 кітапхана; 2 «Зерде» бейнемобилі;1 мұражай; 1 саябақ, 5 халықтық ұжым тиісті жұмыстар атқарып келеді.

 Ақтоғай мәдени бос уақыт өткізу және осы кәсіпорынға қарасты ауылдық клуб үйлерінің жандарында жұмыс жасайтын түрлі үйірмелердің жалпы саны-96, қатысушылар саны 2314. Халыққа мәдени қызмет көрсету барысында жыл басынан  1496 шара өткізіліп, өз жалғасын тауып келеді.

Аудандық мәдениет үйінде «Пай-пай келіндер-ай», «Жас қанат», «Жаңа есімдер» атты байқаулар өткізілді. Театр күніне орай Ақтоғай халық театрының «Ажар мен ажал» атты драмасы және Шалқар халық театрының «Ауылдан келген майшелпек» атты комедиясы көрермендер назарына ұсынылды.

Мәдениет саласының бір тармағы көшпелі «Зерде» бейнемобилі. Бұл саланың жұмысын жандандыру мақсатында биылғы жылы да клуб үйі жоқ елді-мекендерге мәдени қызмет көрсету шаралары өз жалғасын табуда. Атап айтқанда, жаз айларында мәдени қызмет көрсету барысында Шабанбай би ауылдық округінің Сона, Бегазы, Нүркен ауылдық округінің Қаратал, Жидебай ауылдық округінің Қарағой және Сарытерек ауылдық округінің Кенелі, Ақтұмсық, Жетімшоқы  елді-мекендерінде концерттік бағдарламалар ұсынылып, ақпараттық шолу және баспа қызметкерлерінің қызметі қамтылды. Мектеп, мекеме ұжымдары арасында ұйымдастырылатын аудандық сенбілік  кештер әр түрлі тақырыптарда ұйымдастырылып, жоспарға сәйкес өткізіліп келеді. Жалпы барлық атаулы күндерге орай мәдениет үйінде арнайы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, 8 наурыз «Халықаралық әйелдер күні»,  22 наурыз Ұлы наурыз мейрамы, 1 мамыр Қазақстан халытарының бірлігі күні мерекесі, 7 мамыр Ұлан күні, 9 мамыр Жеңіс күні, домбыра күні,  Нұр-Сұлтан  қаласы  күні, Тасарал елді-мекенінің 90 жылдық мерейтойы, балалар күні сынды әр түрлі тақырыптарда   мәдени-көпшілік шаралар жоспарға сай өткізілуде. Сонымен қатар,Ұлытау елді-мекенінде «Жезкиік» ІІ халықаралық этно-мәдени мұрасының фестиваліне «Тоқырауын толқыны» ән-би ансамблі өнер көрсетіп қайтты.

 Қазан айында мәдениет үйінде батыр тұлғаларымыз Қазыбек Нұржанов пен Нүркен Әбдіровтің туғанына 100 жыл толуына орай еңбек ардагері Т.Ақпанбаеваның "Ақтоғайлық қос батыр" танымдық жинағы мен Т.Мұқанның Ақтоғай ауданы туралы танымдық деректі фильмінің тұсаукесері өткізіліп,  «Қос батыр – қос қыран» атты тарихи-танымдық концерттік бағдарламасы көрермендер назарына ұсынылды.

2019 жылы ауыл клуб үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 9 млн 850 мың теңге қаржы қарастырылып, аталған қаржыға дыбыс күшейткіш аппаратуралар, қосымша тоқ көзі генераторлары және сахналық киімдер алынды.

Биылғы  жылы  жергілікті бюджет есебінен аудандық адрагерлер үйінің  ағымдағы жөндеу жұмыстарына 4 млн 379 мың теңге қаралып, талапқа сай тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Шашубай, Ақтас клуб үйлерінің ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары әзірленді.

Ақтоғай ауданы бойынша кітапханалар саны - 19. Оның ішінде 1 аудандық кітапхана, 1 балалар кітапханасы, 5 үлгілі кітапхана, 12 ауылдық кітапханалар халыққа қызмет көрсетеді.

Орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша кітап қоры 265 608 дана, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар саны 161 590 дана, осы уақытқа дейінгі кітап берілімі 204 541 дана.  Жыл басынан 572 ауқымды іс-шара өткізіліп, 10 757 оқырман қамтылды. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі барлық әлеуметтік желілерге тіркелген және атқарылған жұмыстарды үнемі жариялап отыратын өздерінің жеке сайты жұмыс жасайды.

2019 жылы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің материалдық техикалық базасын  нығайтуға 6 млн теңге қаржы қаралып, аталған қаржыға көп функциялық сканер, кітаптар сатып алу  және басылымдарға жазылу жұмыстары  жүргізілді.

Аудандық кітапханада «Қазақстан демократиялық даму жолында», «Ерлік мәңгі өшпейді», «Адамгершілік- асыл қасиет», «Аяулы аналар, асыл әжелер, қызғалдақ қыздар», «Армысың Әз Наурыз», «Ауған соғысының  қасіреті ұмытылмайды»,  «Отбасым ошақ қасым», «Балапаным балғыным», «Қазақтың қайсар батырлары», «Әдебиетегі ерекше тұлға», «Қазақстан- татулық пен біоліктің  ордасы», «Азаттық таңын аңсаған арыстар», «Алаштың ақтаңгер ақыны- Абзал», «Ақында сыр болмайды айтылмайтын» тақырыптарында тыңдау кештері мен тағыда басқа да тақырыптарда  танымдық, тәрбие, әңгіме сағаттары мен кітап көрмелері өткізілді. Жалпы орталықтандырылған кітапхана жүйесі барлық атаулы күндер мен мерекелік шараларға орай әр түрлі тақырыптарда дөңгелек үстел, әдеби және музыкалық кеш секілді көпшілік  іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып отырады.

Аудандық археологиялық – этнографиялық  музей қорына 10 ай аралығында  барлығы  260 жәдігер қабылданды. Оның  91  негізгі қорда болса,  169  қосымша қорда және 63 жәдігерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді.  Жалпы музейде жыл басынан барлығы 55 экскурсия, 42 көрме,  35 танымдық дәріс өткізіліп, 3920 адам қамтылды. Аудандық музейде барлық мереке күндері аясында әр түрлі тақырыптарда көрмелер мен іс-шаралар ұйымдастырылып, ашық есік күндері өткізіліп тұрады.

Ақтоғай ауданында «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы мен тілдер туралы нормативтік-құқықтық актілер талаптарын іске асыру мақсатында біршама жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан Ақтоғай ауданы әкімі аппаратының және оның құрылымдық мемлекеттік бөлімдерінің құжат айналымындағы кіріс және шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде ресімделуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп тұрады. 2019 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша мемлекеттік тілдегі кіріс құжаттары-95 %-ды және шығыс құжаттарының саны-100 %-ды құрады.

Аудан бойынша жыл сайын мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме қызметкерлерін «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тестілеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылы «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тестілеу жұмыстары аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, тест жұмыстарын Ұлттық тестілеу орталығының мамандары жүргізді. Аталмыш тестілеуде 127 адам диагностикалық және 16 адам сертификаттық тест тапсырды.

2019 жылғы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға және тілдерді дамытуға арналған іс-шаралар өткізуге аудандық бюджеттен 400 000 теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға Қазақстан Республикасының тілдер күні мерекесіне орай  мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту, дәріптеу мақсатында мекеме, бөлім қызметкерлері арасында «Мемлекеттік тіл –ұлт тірегі» атты үздік мақала және жерлесіміз, Кеңес Одағының қос батыры Қазыбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіровтің 100 жылдық мерейтойына орай мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Ерлігі өшпес батырдың» тақырыбында аудандық үздік шығарма байқаулары өткізілді. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы ауданымызда ағылшын тілін оқыту курсына 1 млн 400 мың теңге қаржы қаралып,  ағылшын тілін үйрету курсы бойынша 40 адам оқытылды.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша Ақтоғай ауданында 2019 жылы атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл басынан осы  жоспарға сәйкес «Латынша жазып дағдыланамыз» тақырыбында әр мекеме ұжымына барып семинар, тренинг және тағы басқа шаралар жоспарлы түрде  өткізілді. Аудандық газетте латын әліпбиі бойынша «Латынға көшу-заман талабы» атты айдары ашылып, ауыл тұрғындарын латын әліпбиіне дағдыландыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, бір мезетте жалпыоблыстық диктант жазу жұмыстары ұйымдастырылып, диктант жазу жұмыстарына барлық бөлім, мекеме, ауылдық округ қызметкерлері және мектеп, колледж мұғалімдері мен 9-11 сынып аралығындағы оқушылар қамтылды. Диктант жұмыстарын үздік жазған қызметкерлер облыста ұйымдастырылған жалпыоблыстық диктант байқауына  қатысып қайтты.

2019 жылғы әлеуметтік тапсырыс аясында шаралар өткізуге 200 000 теңге қаржы қаралып, аталған қаржыға мәдениет үйінде бөлімінің ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлеріне «Memlekettіk tіldі latyn grafıkasyna tıіmdі kóshіrý joldary» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Аталмыш семинарда латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіне көшу мәселесі талқыланып, латын әліпбиін қоғамға насихаттау, қолданысын кеңейту мен жаңа әліпбиге көшудің негізгі алғышарттары туралы түсіндіріліп, семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдары талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша түсіндіру-насихат жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, өңірлердегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың ахуалын саралау мақсатында тоқсан сайын  «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты айлық жарияланып отырады. 2019 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша рейдте барлығы 113  жарнамалар қамтылып, қателіктер анықталған жоқ.

Сонымен қатар, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аудан бойынша  ономастика кеңістігін реттеу, елді мекендердің атауын нақтылау, тарихи топонимдерді, аудан көшелерінің атауын бір жүйеге келтіру жұмыстарымен айналысады. Ономастика саласы бойынша  ауданда 51 елдімекен, 158 көше бар. Қазіргі кезде жалпы елдімекендер мен көшелер 100 пайызы дәстүрге сай аталады.

Аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінде «Тіл тағдыры-ұлт тағдыры» айдарымен мемлекеттік тілімізді насихаттау мақсатында медиа-жоспарға сәйкес мақалалар жарияланып тұрады. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі аудан бойынша  99%. Сондай-ақ өткізіліп жатқан іс-шаралар әлеуметтік желілерде орналастырылып, тұрақты түрде насихатталып, көпшілік назарына ұсынылады.

Алдағы уақытта аудан басында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан тиісті жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

 

 

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района