в актогае 20
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
Мобильная версия

Исламдағы бала тәрбиесінде нені ескеру қажет?

Ислам діні ата-анамен баланың қарым-қатынасын жақсы деңгейде болуын назарда ұстайды. Осы мақсатта ата-анаға артылатын міндеттер аса маңызды. Ол үшін баланың бүгіні ғана емес ертеңгі өміріне де дайындық жасалуы талап етіледі. Яғни, Алланы танытып, иманды, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Бала тәрбиесінде не мәселеге ерекше назар аудару қажет?

Балаға дұрыс есім қою. Имам Мәліктің «әл-Муатта» деген кітабында мынадай дерек бар. Мұнф Яхия ибн Сағид жеткізеді. Бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.) бір кісіден:

  • Атың кім? – деп сұрайды. Ол кісі:
  • Жамра (қазақшасы «Шоқ»), - деп жауап береді.
  • Кімнің ұлысың?
  • Шиһабтың ұлымын (яғни Отты жұлдыз).
  • Қай жерденсің?
  • Әл-Харқаданмын (Күйгеннен).
  • Үйің қайда еді?
  • Харрат ән-Нар (Оттың ыстығы) деген аймақта.
  • Оның қай тұсында еді?
  • Зәту лаза (Жалынды) деген тұста, - дейді әлгі кісі.

Сонда Омар (р.а.):

  • Онда отбасыңа тез жет, олар өртеніп жатыр, - дейді. Барса, шындығында да Омар (р.а.) айтқандай болған екен.

Сәбилік кезең (0-2 жас аралығы) басталғанда нәрестеге ат таңдауда өзіндік талаптарды орындау қажет. Есім қою әкенің құқығына жатады. Алла елшісі (ﷺ): «Сендер қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да, есімдеріңді жақсартыңдар», - деген (Әбу Дауд). Дегенмен ол есім таңдауда жұбайына немесе басқа да туыстарына рұқсат бере алады.

Діни білім беру. Тілі шыққан баланың алғашқы сөзі Алла болса, оның жүрегі иманға толы болмақ. «Балаларыңа алғаш үйрететін сөздерің «Лә иләһә иллалаһ» болсын (ибн Әби Шәйбә). Жақсы мен жаманды, сауап пен күнә дегенді үйретіп, әрбір әрекетті ақылмен жасауға дағдыландыру қажет. Бала есін біліп, оң-солын таныған шақтан бастап, оған Құран жаттатып, намазға үйрету сүннет. Пайғамбарымыз (ﷺ) намаз оқу туралы: «Жеті жасына келгенде балаға намаз оқуды бұйырыңдар», - деген (Әбу Дәуд, Тирмизи). Ал, Құран жаттау туралы: «Кім Құранды жас кезінде үйренсе етіне және қанына сіңіреді, ал есейгенде үйренгені уысынан тез шығарып алады...» деген (инб Сахнун). Баланың тәмииз (7-10 жас аралығы) жасында Құранды жаттаумен ғана емес, Алла және оның құдіреті, пайғамбарлар мен періштелер, осы дүние мен о дүние, мұғжизалар мен Алланың нығметтері туралы да мол ілім алу абзал.

Жынысына қарай бөлу. Бүлдіршін кезең (2-6 жас аралығы) балаға жынысына қарай дұрыс бағыт-бағдар көрсету мерзімі. 2 жастан асқанда ұл мен қыздың төсек орнын бөлек салу қажет. Үйде іш киімсіз жүргізбесе, қыз бала өсе келе әурет жерлерін жауып жүруді бойына қалыптастырады. Ал, ұл балалар қызды сыйлап, қамқорлықпен қарауға бейімделеді. Бүлдіршіндерге оның жынысы туралы айтып, бір-бірінен ерекшелігін түсіндіру де маңызды. Ерте жастан ұл мен қызды ажырата белген бала сыртқы ортада өзіне дос таңдауда қателікке ұрынбайды. Баланың сыртқы келбетіне, киіміне де ерекше көңіл бөлген жөн. Қазір қысқа, тар, жартылай жыртық киімдер сәнге айналды. Барынша жабық, кең тұратын киімдер киген бала еркін қозғалып, физиологиялық тұрғыдан да дамуы дұрыс өрбиді. Осы тұста ескеретін мәселе, ата-ана өз бөлмесіне балаларды рұқсатсыз кіргізбеуге үйрету. Ата-ананың ашық-шашық жүргенін көріп өскен балада ата-анаға құрмет жоғалады, имансыздық қалыптасады.

Шахуат дегенді дұрыс ұғындыру. Жасөспірімдік немесе мураһиқ жасына (10-15 жас аралығы) жеткенде ұл-қызға физиологиялық өзгерістер туралы ғылыми мәліметтерді негізге ала отырып, мол ақпарат берілгені жақсы. Өмірлік мәні бар бұл тақырыпты ата-ананың түсіндіргені дұрыс. Ұялып, баламен сөйлесудің ретін таппай жүргенде, балиғат жасына жете бастаған ұл-қыз үлкен қателікке ұрынып қалуы мүмкін. Ұлға мәнидің, қызға етеккірдің физиологиялық қалыптасу кезеңінде болатын құбылыс екендігі түсіндірілуі қажет. Ол ертерек айтылса, бала психологиялық тұрғыдан дайын болады. Қыздар етеккірі келгенде күтінуді білмей, сырқаттануы ғажап емес. Мұның соңы бедеулікке алып баруы ғажап емес. Осы тұста ұлға да қызға да шахуат дегеннің не екенін ашық айту қажет етіледі. Күнәға апаратын барлық амалдар осы кезеңде айтылса, бүгінгі қоғамдағы күнәлі, жантүршігерлік оқиғалар орын алмасы анық. Бұларды анық ұққан бала сосын үйленіп, отбасық құруға саналы тұрғыда дайын болады.

Бала тәрбиесі ата-анаға міндет. Сол себепті оған немқұрайлылық танытпайық. Отбасында тыныштық, береке-бірлік және білімге деген құштарлық болғанда ғана одан салиқалы ұрпақ өсіп шығады.

 

Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы                                   Ж.Райымбеков

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района