в актогае 0
USD 379.36
EUR 428.94
RUB 5.93
Мобильная версия

Ақтоғай кеше және бүгін

Кешегі Ақтоғай өңірі – адамзаттың дамуы тарихының бірегей ошағы болып саналатын Бегазы-Дәндібай мәдениеті мен өркениетінің бастауы болған жер.

Кешегі Ақтоғай – академик Ә.Х.Марғұлан зерттеп ашқан, археологтар Ж.Құрманқұлов, А.Бейсеновтер жалғастырған адамзат дамуындағы тас  ғасырының, қола дәуірі мен сақ дәуірінің, түркі дәуірі мен қыпшақ  дәуірінің және орта ғасыр кезеңінің топырақпен тастарда таңбасын қалдырған, Әулие таудағы алғашқы адамдар тұрағына айналған тас үңгірі, Бегазыдағы мавзолейлер қаланған алып кешені, Желтаудағы таңбалы тастардың галереясы, Көрпетайдағы 37 батырдың тас қорғаны, Жіңішке аңғарындағы Қыпшақтардың тәңірге табынған ғибадатханасы, Қарашоқы алқабындағы Руно (сына) таңбасы бар тас мүсіні, Жошының құлан аулап жүріп, атын арапша жаздыртып кеткен Кенелідегі тас таңбасы, Қушоқы мен Итмұрындыдағы мыс қорытқан кен орындары көненің көзіндей болып сақталып қалған тарихи құнды мұралардың мекені.

Кешегі Ақтоғай – басына нәубет түсіп «Елімай» -лап босқын болғанда жоңғарлардың бетін тұңғыш тойтарып, дұшпанды тоқыратып, құрбандарына  әр төбесінің басында тастан қорған оба үйгізіп қалдырған Тоқырауындай тарихи майдан алаңы бар, сол жаугершілік заманда Ұлы Абылайхан аялдап, мәжіліс құрып ат шалдырған жер.

Кешегі Ақтоғай – Тоқырауын бойындағы ел мен жерге поляк жиһангері А.Янушкевич пен орыс зерттеушісі Г.Потанин сүйсініп өткен өлке.

Кешегі Ақтоғай – исі қазақтың ұлттық абыройына айналған, аттары аңыз болып кеткен шешен де, көсем де, батыр да, балуан да, жырау да, ақын да, әнші де, күйші де жаралған жер.

Кешегі Ақтоғай – дуалы сөздерінен елі бірігіп, дұшпаны ыққан Қараменде би, Жидебай батыр, Жанқұтты би, Шабанбай би, Сеңкібай баба, Сана би сияқты алты алашты аузына қаратқан Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың әруағы қонған, шешендердің, батырлардың  шылауы дарыған ел, халқына қорған болып қол бастаған Жалаңтөс батырды жаратқан ел.

Кешегі Ақтоғай – ұлы Абайдың ақындық үлгісінің озық өкілі философ ақын Нарманбет, ақындығына композиторлығы сай, оған әншілігі жараса дарыған Әсет, әлі де мол мұралары зерттеуін күтіп тұрған күйші Шалғынбай  мен оның дарынды шәкірті Аққыздың, қыл қобызбен ғасыр сарынын тартқан Әшірбектің, тілінен бал тамған ақын қыз Жазықтың, мұзбалақ ақындар Тәшен мен Нұржанның, жыр-дастанды жатқа айтатын шайыр, төкпе ақын Нұршиланның, суырыпсалма айтыскер ақын Кенішбайлардың жайлаған һәм жырлап өткен жері.

Кешегі  Ақтоғай – аласапыран кездерде халқымыздың болашағы үшін арпалысқа түсіп, заман оты шарпыған қазақтың тұңғыш алаш партиясының көсемі, Алаш-Орда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов, Алаш үкіметінің бірінші вице-премьері Ә.Ермеков, қазақтың тұңғыш право магистрі Ж.Ақбаев, кәсіпқой ревалюционері У.Жәнібеков туған жер.

Кешегі Ақтоғай – дарынды азаматтары ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында шет жерлерде  жүріп Варшаваның мал дәрігерлік институтын бітірген Шалымбеков Әшірбекке, Санкт-Петербург университетін бітіріп, екі бірдей жоғарғы мамандық алған Сұлтанғазин

Дінмұхамедке және Шалымбеков Сәдуақасқа, Омбы семинариясын бітірген Тарабаев Иманбекке, Омбы әскери медицина мектебінің түлегі алғашқы «Земский врач» мамандығын алған Бижанның Қасеніне,Орта Азиядағы іргелі оқу орны Бұхараның діни семинариясын бітірген Шайхыұлы Нығметоллаға дүние есігін ашқызған жер.

Кешегі Ақтоғай –мыңғырған малы өсіп, маңдайына біткен бағы тасып, ырысы мен елдің ырзығын молайтқан   дәулеттілер: Құбылтайдың Ахметінің, Бейсенбайдың Орынтайының, Сәмбеттің  Жалмағанбетінің, Нұрмаған-беттің Сәдуақасының, Жантоқының Тұрсынбегінің, Тұрсынбектің Ақыжанының, Оразбектің Жұмабегінің, Байжомарттың Ерменбеттерінің  ен жайлаған да, тігерге тұяғы қалмай тап жауы болып тәркіленген де жері.

Кешегі Ақтоғай – бейбіт Отанымыздың тәуелсіздігіне қатер төнгенде қан майданға аттанып, бірі самолеттің штурвалымен Гастеллоның ерлігін қайталап, екіншісі автоматымен фашист солдаттарын жер жастандырып, қаһармандық ерлік жасап миллиондардың ішінен суырылып шығып, қазақтың қайсар ұлдары атанып, ең жоғарғы марапат Советтер Одағының Батыры атақтарын алған даңқты тарландар Нүркен Әбдіров пен Қазбек Нұржановты, тылдағы мылтықсыз майданда жаң қиярлықпен еңбек етіп, қасиетті шопан атаның құтты таяғымен өрісті малға толтырып, топ жарып Социалистік Еңбек Ері атанған Сәтибек Ибраев пен Маубас Мұқановтардай арда туған азаматтарын мақтан тұтып құрметтейтін рухтарына тағзым ететін, даралап, бағалайтын өркені өскен  аудан.

Бүгінгі Ақтоғай – Тәуелсіздіктің арқасында ұрпақтары Жалаңтөс батыр, Қараменде би, Жидебай батыр, Шабанбай би, Сеңкібай батыр, Сана би, Ағыбай батыр, Әуез ана, Садыр қожа, Көшкін баба, Кәріпбай қожа, Қожағұл баба, Мәнжіғұл батыр, Шот баба мен Төлеген бабаларға арнап ас беріп, қатым-құран түсіртіп, рухына тағзым етіп, ұлттық санасына ұлылардың сарқытын тәбәрік етумен ұлықтаған, қазаққа ғана тән ғұрыптық қасиеттерді қадірлеген, дінін тәуба қылып, пір тұтып, тілін қос жанардың қарашығындай тұнық күйінде сақтаған, ділін ата-баба аманатындай кіршіксіз ұстанған көсегесі көгерген, қонысы бір, қабырғалы қалың ел.

Бүгінгі Ақтоғай – таланты мен дүйім жұртты табындырып қазақтың әйгілі бұлбұлы атанған, сахнаның жарық жұлдызына айналған, әлемді таңдай қаққызып мойындатқан К.Байсейітованың, күміс көмей әнші, күйші, ән зергері, сазгер М.Ержановтың, он саусағы күй шертіп, қосшекті домбыраның құдіретімен дүйім жұртты сүйсіндірген М.Хамзиннің, орақ тілді ақын болып айтысқан, ақиық әнші болып Аққайыңды шығарған, ат үстінде акробатша ойнап  сиқыр жасай, гармонын гуілдеткен Ш.Қошқарбаевтың, сахнаның сайып қыран саңлақтары З.Жақыповтың, А.Ыбраевтың, М.Әбдікәрімовтың, Қ.Ахметованың кіндік қандары тамған кіші Отаны.

Бүгінгі Ақтоғай – ХХ ғасырдың шоқ жұлдыздары болып жарқырап, туған елінің болашағына даналықтың сәулесін шашып, таланттың қаймағын қалқып қалдырған, Ақтоғайлық академик-ғалымдар мен дербес қайраткерлер Әлихан Мусинге, Қайдар Арыстанбековке, Жүніс Көрпебаевқа,Әуезхан Қасеновке, Гүлбаһрам Тарабаеваға, Орымбек Жәутіковке, Мүсілім Ермековке, Төлеген Ермековке,  Рахымжан Шаяхметовке, Шұғайыпбек Тоқмағанбетовке,  Совет Жақыпбековке, Әсет Болғанбаевқа,  Төлепберді Ақышевқа, Тілеуғали Қышқашбаевқа, Төкіжан Ағдарбековке, Әдебиет Сәтековке, Ерғара Аймағанбетовке, Мұрат Омаровқа, Нұртас Тұрсыновқа, Саяхат Нөкешовке дарындылық пен тектілікті  топырақтың  киесінен, әкенің қанынан, ананың сүтінен дарытқан жер.

Бүгінгі Ақтоғай - өз кіндігінен шыққан перзенттері от жүректі, озық ойлы, партиялық мектепте шыңдалып, қоғамдық мүддеде сыналған іскер, білімдар азаматтар  Р.Жүнісовке,  С.Дүйсебековке, Т.Ахметбековке, М.Тәтибековке, М.Жарылғапқа, С. Әбеуоваға, М. Қалияқпаровқа, М.Оңғарқұловқа ауданды басқарудың қос тізігінін әр жылдарда мәртебемен тапсырып, ел үмітін арқалатқан жер.

Бүгінгі Ақтоғай – ақындық өнерді әділет пен ащы шындықтың алмас семсеріндей сілтеген, аңқау мен арамзаны, парақор мен жалақорды, озат пен жалқауды, ақ пен қараны, адал мен арамды әнмен жырға қосып, өлең-сөзді сүйектен өткізіп жарыстырып,додаға түскен, айтыскер ақындар Жабас Кеңесбаевты, Құрмаш Таласбаевты, Алшынбек Кенжебековты, Қасымхан Қаленовті, Зия Елеубековті, Сабет Аққановты, Амантай Тойшыкеновты суырып салма таланттар Қуаныш Мақсұтовты, Айгүл Молдағожинаны, Мақсат Ахановтарды жанкүйерлердің үкілеп бәйгеге қосқан жері.

Бүгінгі Ақтоғай – киіз туырлықты қазақтың қара өлеңінің көшін жалғап, от ауыздан ой өріп, жыр төккен Жеңіс, Дәуітәлі, Абзал, Серіктерді, Ғазиз, Әбіл, Үмітай, Мүсіркеп, Жанболат, Бағдаттар мен Сүйіндіктің соңынан ерген бір шоғыр ізбасар інілеріне, көркем сөз маржанын тереңнен тергізіп, омырауларына ақындықтың тұмарын тағып, қанат бітіріп, қияңға ұшырған қасиетті тұғыры. 

Бүгінгі Ақтоғай – сарғайса да газеттің ақ парағы, өткен күндер тарих боп сақталады- деп аудан тарихын тірнектеп теріп жинап, зерделеріне тоқып, кейінгі өскелең ұрпаққа рухани байлық ретінде қалдыруды асыл мұрат тұтып, аудан тарихының тамыршысына айналған  зиялы қарттарымыз Қасенхан Алтынбековтің, Ағдарбек Кенжебековтің, Қайырбек Байсеркиннің, Масғұт Халиоллиннің, Асқар Сейдахметовтің, Қалкен Мәкенбаевтың, Қабылбек Рамазановтың, Қасымхан Қаленовтің, Ғаділша Түсіпбековтің,  Ақылбек Шайхиннің, Мырзахан Қалияқпаровтың, Амангелді Туғанбаевтың, Күләш Сардарбекова мен Торғай Ақпанбаеваның өңірімізден алғаш рет көркем прозаға қалам тартып романымен Абылай заманынан сыр ақтарған Мұқамедқали Баймұхановтың есімдерін ардақтап мақтанатын, риясыз шат көңілден алғыс айтып құрметтейтін ұшқан ұясы.

Бүгінгі Ақтоғай – Тәуелсіздік берген еркіндікті арқа тұтып, жеті атаның тарихын, әулеттердің ұлттық шежіресін ауыздан-ауызға теріп алып жинақтап, кітап етіп жазып, әр туманы өзінің шыққан тегімен таныстыратын ғұмырнамалық оқулыққа айналдырған Тұрсынбек Жақсыбаев, Жақсырақым Ғалыұлы, Мәжит Балғабаев, Зияда Аманбаев, Серғазы Кенжеғарин, Төлеген Әмірханов, Қуандық Сәденовтердің азан шақырып ат қойған қара орманы, қасиет қонған ауылы.

Бүгінгі Ақтоғай – көркем суретте, қыл қаламның қас шеберіне айналған, Кеңестік кезеңі марапаттауларының иегері атанған, даңқы кинода әйгіленген, тума талант иесі Сахи Түсіпбекұлы Романовтың, біздің заманымызға дейінгі тарихты қабырстанның тасы мен топырағынан аршып алып, зерттеп, рәсімдеп, сақ дәуірінің алтын адамдарын байырғы қалпына келтіріп, Ұлы даланың өркениетінің тереңдегі тамырын тауып, айшықтаған академик, әйгілі рестовратор Қырым Алтынбековтың, қазақтың екінші Қастееві атанған Райымқұл Есіркеевтің, ағаштан ою ойып, темірден түйме түйген Қалқаман Тілеухановтың, ғасыр ғажайыбына айналып, замана талғамының таңдауына түскен «Қазақ Елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұловтың ата жұрты.

Бүгінгі Ақтоғай – арқаны әнге бөлеп, өз көрермендерінің көзайымына айналған таразыдағы, тағдырларын талант-тарының бәйгесіне тігіп, тұлпардың тұяғын жалғаған, алдыңғы аға буынның өнердегі өрелі істері мен өнегелерінен тәбәрік алған Тұрған, Ғалия, Дәртай, Оралтай, Жақсылық, Сәбет, Шәмши, Мәден, Шыныбек, Дәкуат, Сүндет, Есіркеп, Төлеу, Мәрен, Дәриға, Зина, Шәпибай, Бектұрсын, Сейдіғаппар, Төлеуқадыр, Сәмет, Мұраттар, Самыратбек, Күлмара, Ләззат, Рымкеш, Гүлдана, Болат, Күліш,  Алтындар, Мәдениет, Базыл, Аманкүл, Сайра, Сапа, Болатбек, Риза, Мәриям, Сәттарлар,  Садық,  Қамажай, Қуат,  Қамза,  Амангелділер, Қайролла, Аманолла, Еркеш, Марат,  Мұқан, Қалтай, Қабжан, Қайыргелді, Рым, Ғалия, Нұрлан, Алтай, Қайыр,  Қарлығаш, Төлеуғазы, Шәмшия, Әлия, Айгүл, Отай, Бақыт, Бегендік, Асылмұрат, Марлан, Әлібек, Кеңес пен Амантай,  Қадыр, Нұрай мен Қайрат, Дәурен мен Даналардың, Бұлбұл мен Жоламанның, Әсем мен Әйгерімдердің, Маржан мен Ғибраттардың өнерлерін әлдилеп тербеткен әулие бесігі.

Бүгінгі Ақтоғай – аты аңызға айналған алып күш иесі Жанбай балуанның күрес белбеуін кие тұтып, боз кілемде жауырындары жер құшып көрмеген қарсыластарын қайыстырып тізе бүктіріп бәйге алған Сердалы мен Бақыттың, Мұрат пен Русланның, Жұмабай мен Маураттың, Жанболат пен Ералының, былғары қолғаптың ақ берені атанған Мейрамның жүректеріне батылдық, білектеріне күш-қайрат беріп, ерік-жігерлерін намыспен шыңдаған рухты жер.

Бүгінгі Ақтоғай – туған жердің топырағына бас иіп тағзым етіп, ел жұрттың алғысына бөленіп, азаматтық парыздарын пейілі кең қайрымдылық пен алақандары ашық мырзалықпен өтеп жүрген ақжолтай-жомарт іскер азаматтар Б.Алтынбековтың, С.Қасымбековтың,  Ж. Мырзабековтың,    С.  Смағұловтың,   М. Бегімбетовтің, И.Ермеков пен Т.Төребековтің туып өсіп, түлеп ұшқан «біз қазақпыз» деп сыйынатын қарашаңырағы.

Бүгінгі Ақтоғай-атадан ақ бата алып, ананың өнегесін өмірдің өтпелі көпіріне айналдыратын, туған елінің рухани қуатын болашақтарының бағдарлы темір қазығы деп санайтын, туған жерінің табиғи байлығын шалқар дәулеттің өз еншісіне тиесілі үлесі деп қорғайтын, өткен күндердің шырақшысындай болған текті тұлғала- рына бас иіп тағзым ететін, ар-ожданға деген адалдықты намыспен қайралған сертімен ақтайтын, пенделік ғұмыры үмітті келешекпен ұзаратын ұлтжанды ұрпақтарымыздың айбынды ақ ордасы.

Ақтоғай ауданының жер көлемі 52 мың шаршы шақырым. Тұрғылықты халқының саны 18 240 адам. Ауданның әкімшілік құрамында 2 кент, 15 ауылдық округтер бар. Ауданда 25 білім беру ошағы (оның 14-і орта мектептер, 11 негізгі мектеп) 3 балабақша, білім беру тәрбие ісімен шұғылданады. Ауданда 1 аурухана,  2 фельдшерлік-акушерлік пункттер, 7 дәрігерлік емхана,      24 медпункт халыққа  медициналық  қызмет  көрсетеді. 19 кітапхана, 19 клуб үйлері,  2 зерде автоқызметі,  5 халықтық өнер ұжымы жұмыс жасайды. Өнер мектебі, Аграрлық техникалық колледж, спорт мектебі, археологиялық-этнографиялық мұражайы, Ж.Шайдаров атындағы саябақ, жазғы стадион халықтың игілігіне айналуда. Аудан бойынша 524 кәсіпкерлер мен 675 шаруа қожалықтары құрылып, аудан экономикасын көтеруге өз үлестерін қосуда. Ақтоғайдың киелі жері мен текті елінде бабалар да, батырлар да, ақындар да, әншілер де туып өскен.

 

АУДАН ТАРИХЫНЫҢ ЖЫЛНАМАЛЫҚ ДЕРЕКТЕРІ

1920 жылы Қазақ АССР-нің құрылуына байланысты осы өлкені мекендеген үш болыс ел (Қотан-Бұлақ, Балқаш, Тоқырауын болыстары) Республика құрамына енгізіліп, Қарқаралы округіне бағындырылды.

 

1920 жылы Қарқаралы округі бойынша Тоқырауын ауыл мектебіне алғашқы Кеңестік мұғалім ретінде Қарқаралы қаласындағы үш айлық мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген Рамазанов Түсіпбек арнайы жолдамамен жіберілген.

 

1920 жылы Қызыл отау соты Иманбек Тарабаевтің басшылығымен Балқаш болысына қарайтын Қарасуда мектеп ашылды.

 

1921 жылы Қарқаралы округінің жерге орналастыру басқармасы Тоқырауын өзенінің жағасынан Қарақұладан егіншілік мәдениетін бақылайтын агрономдық пункт ашып, оған академия бітірген инженер Павел Григоревич Амосовты басшы етіп тағайындаған. Агропункт 1924 жылға дейін жұмыс жасаған.

 

1921 жылы Қарасуда сатылы білім беру жүйесімен алғашқы мектеп құрылысы салынып, Бижанның Хасеннің мұғалім баласы Құсайынның атымен «Құсайын мектебі» деп аталған.

 

1923 жылы Тоқырауын болысы бойынша болыстық мектеп ашылды. Оны ұйымдастырған да, сабақ берген де Қызыл мұғалім атанған Шоқабаев Жүніс деген кісі болған.

1924 жылы Қарамойында «Шекеме» (ШКМ) кедей-шаруалардың балаларын оқытатын мектеп ашылып, ол жерге «Ақ үй» деген ат берілген.

 

1925 жылы Тоқырауын бойымен арқа өңірінде Қосшы ұйымдарының біріктірілуімен Кедей болысы құрылып, оны Қасымов Дуанбек басқарды.

 

1926 жылы Тоқырауын болысы бойынша алғашқы ауыл шаруашылығы Кооперативі ашылған. Оның меңгерушісі және экспедиторы болып Рамазанов Түсіпбек тағайындалған. Кооператив мал өнімдерін қабылдап тауарға  айырбастаумен шұғылданып, тұтыну қоғамының негізін қалаған.

 

1928 жылы Қотан-Бұлақ, Балқаш, Тоқырауын болыстары біріктіріліп, Балқаш ауданы болып құрылып, Қарқаралы округіне қаратылды. Орталығы Қарабұлақта орналасты. Алғашқы мойын серік, тоздар құрыла бастады.

 

1928 жылы алғашқы қызыл отау ашылып, оған Шакенова Манзура жетекшілік жасаған.

 

1928-29 жылдары Жүнісов Әбду інісі Әбдіғұл екеуі Үшарал жерінен халықты біріктіріп «Оян» колхозын құрған.

 

1929 жылы аудан орталығы Дуаншиге қоныс аударып Тоқырауын ауданы болып аталды. Артельдер ұйымдастыру қолға алынды.

 

1929 жылы Аудандық ішкі істер бөлімі құрылып (НКВД) бастығы міндетін Махношин В.Т.атқарған.

 

1930 жылы аудан орталығы Қарамойынға көшіріліп «Басшы» деп аталды. Қарамойындағы Ақатай, Қанафия, Құсайын бұрын салдырған қызыл үй контор, Ақ үй мектеп болды. Басқару жүйесі Қоңырат руднигінің әкімшілігіне біріктірілгендігінен  де «Қоңырат» ауданы деген ат берілді.

 

1930 жылы Қарамойын мен Сәуледен қолдан тоғандар қазылып Тоқырауын өзенінің суы егінжайға жіберіле бастады.

 

.

 

1930 жылы Тасарал ауылы Ағалық артелінің негізінде «Қызыл қазақ» балық аулау колхозы болып құрылды.

1930-33 жылдары МТС-тар құрылғанға дейін Ақжарықта Конносанный станциясы ашылған. Оны Игенсартов Қабдиман басқарған.

 

1930-36 жылдары Үшарал ауылында тұрғын үйлермен, мектеп, жел диірмен салынды.

 

1930 жылы Қазақ балық өнеркәсібі аралас қоғамы ұйымдастырылып, алғашқы артель құрылып, 1936 жылы «Балық аулау» станциясы болып ашылды.

 

1930 жылы аудандық қаржы бөлімі құрылып оның басшысы болып Көлдейбеков бекітілді.

 

1930 жылы осы өңірде етек алған асыра сілтеумен көзсіз тәркілеуге қарсы тарихи Тоқырауын көтерілісі басталып, Жабайдың Садуақасы, Смайлдың Жақыпбегі, Балжанның Түбегі Тоқырауын көтерілісіне жетекші болған. Көтеріліс Қарамойын түбінде жеңіліс тауып жетекшілері жазаланған. Жазалау отрядын ОГПУ-дің өкілі Махношин Василий Терентьевич  басқарған, көтеріліс ұлт азаттық сыйпатқа бағытталған.

 

1930 жылы ауданның ауылшаруашылығымен шұғылданатын Рай 30 деген мекеме құрылып, оның алғашқы бастығы болып Малдыбаев Ахмет тағайындалған.

 

1930 жылы аудандық сот құрылып Сүлейменов Күнтуар соттың судьясы болып қызмет атқарған.

 

1931 жылы Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің председателі болған Елтай Ерназаров Қарқаралыдан келе жатып ауданға соғып, колхозға бірігу, егінщілік мәдениетін өркендету туралы ұсыныстар айтып, тапсырмалар берген.

1931 жылы Қоңырат ауданында 5776 үй болса, қасіретті аштық нәубатынан кейін 1932 жылы 3678-і ғана қалған.

1930-31 оқу жылында аудандық советі атқару комитетінің ағарту бөлімі  құрылды. Бөлім меңгерушісі болып Әбілдин  Қоңыр деген мұғалім тағайындалды.

 

1931 жылы Советтік Социалитік Республикалар Одағының 6 съезіне және  Бүкіл Ресейлік Советтердің ХV съезіне жерлесіміз Бибі Мамыраева (Хамитов Сейіттің анасы) делегат болып қатысты.

1931 жылы Аудандық метеостанция ашылып, оны Дроздов басқарған.

 

1932 жылы құрамында 21 аудан бар Алматы облысы жаңадан құрылып, Қоңырат ауданы таратылған Қарқаралы округінен алынып, Алматы облысының құрамына енгізілген.

 

1932 жылы Қарамойындағы Ақ үйден аштықтан аман қалған жетім балалар үшін «детдом» ашылды. Оның директорлығына сол жылдардағы Ауатком төрағасы болған Тиішбек Әбеуов, Бөкеев Нұрбекті жіберген.

 

1932-1935 жылдар аралығында Н.Бөкеев аудандағы ең алғашқы балалар үйінің директоры әм мұғалімі қызметтерін атқарған.

 

1934 жылы Үшаралда бастауыш мектеп ашылып алғашқы мұғалімі Сұраубаев Иса болды.

 

1934 жылы Қарқаралыға келген Кировтің Балқашқа  барар жолда Қоңырат ауданына соғу құрметіне Оян колхозы Киров колхозы болып өзгертілді.

 

1934 жылы аудан серіктестері, колхоз ұжымдық шаруашылықтары болып 35 колхозға бірікті.

 

1934 жылы ауданға Жүнісов Әбдудің талпынысымен алғашқы бір жарым тонналық жүк машинасы келген.

 

1934 жылы Орталық комитеттің шешіміне сәйкес Қарқаралы округі қайыра құрылып, Қоңырат ауданы, Алматы облысынан алынып Қарқаралы округіне қосылған.

 

1934 жылы Алаш қайраткері Қазақстаннан шыққан тұңғыш право магистрі, Алашорда үкіметінің мүшесі Жақып Ақбаев Алматы қаласында дүние салды.

 

1934 жылы Ауданда прокуратура мекемесі ашылып, Баймағанбетов прокурор болып тағайындалған.

 

1935 жылы «Оян» колхозының председателі Әбду Жүнісов КазЦИК-ке Ақтоғайлықтардан ең алғашқы мүше болып сайланды.

 

1935 жылы Сыздық Қашағанов тұңғыш стахановшы атанып Мәскеуде өткен колхозшылардың ІІ съезіне қатысып, полуторка автомашинасын сыйлыққа алды.

 

1935 жылы Аудан Қазақстанның 15 жылдығында Республиканың ауыспалы «Қызыл туын» жеңіп алған.

 

1935 жылы ауданға  Павлодардан Семейден 150 бас қой, ешкі әкелініп колхоздарға таратылып берілді.

 

1935 жылы аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі Қоңырат аудандық ішкі істер халық комиссариятының бөлімі болып құрылған.

 

1936 жылы Қоңырат ауданында денсаулық сақтау бөлімі құрылып, оның меңгерушілігіне маман дәрігер М.Н.Лошақ тағайындалды.

 

1936 жылы Күләш Байсейітоваға СССР халық артісі, СССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атақтары берілді.

 

1936 жылы ең алғашқы Кеңестік мектеп Қарасуда «С» әрпімен салынып, оған Мұқанов Серік алғашқы директор болып тағайындалды.

 

1936 жылы 29 шілдеде Қарқаралы округі таратылып, оның аудандары жаңадан құрылған Қарағанды облысының құрамына берілген Қоңырат ауданы да сол 1936 жылдан бастап бүгінгі Қарағанды облысының әкімшілік құрылымына енгізілген.

 

1936 жылы Аудандық радиобайланыс мекемесі құрылып, оны Көпірбаев басқарған.

 

1936 жылы Тоқырауын өзенінің үстінен ең алғаш ағаш көпір салынып, жүргінші-жолаушыларға өткел берді.

 

1937 жылдың 27 қыркүйегінде Алаштың ұлт көсемі ғалым, саясаткер, Алаш партиясының, Алаш-Орда үкіметінің төрағасы, Алаш-Орда ұлттық автономиялық мемлекетінің негізін қалаушы жерлесіміз Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов халық жауы деген жалған жаламен 58 сатья бойынша айыпталып, Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылып, Дон Кабірстанына жерленген.

 

1937 жылы Балқаш мыс зауытының қосалқы шаруашылығы ретінде Тораңғалық ауылы ұйымдастырылған.

 

1937 жылы Аудандық жинақ кассасы ашылып, оның меңгерушісі болып Кәрішалов Нұржан қызмет жасаған.

 

1937 жылы аудандық жер бөлімі құрылып оны Шорин Шәріп басқарды.

 

1937-38 жылдары Қоңырат ауданынан 234 адам халық жауы деп жазықсыз айып тағылып, Репрессияға ұшыраған. Олардың 36-сы ату жазасына кесілген.

 

1938 жылдың 15 тамызында аудандық «Қызыл Ту» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Оның алғашқы редакторы болып Ғабдолла Ысқақов  қызмет жасады.

 

1938 жылы ауданға почта таситын екі кісілік алғашқы самолет келіп қона бастады. Осы жылы аэропорт үйі салынды. Аэропортты Волков деген азамат басқарды.

 

1938 жылы жерлесіміз Жүніс Көрпебаев Қазақ АССР прокуроры болып тағайындалды.

 

1938 жылы Орта Азия Соғыс округіне жасаған көмегі үшін Қашағанов Сыздыққа «Құрмет белгісі» ордені табыс етілді. Бұл Қоңырат ауданы бойынша ең алғашқы берілген орден болатын.

 

1938 жылдың 24 маусымында аудан жұртшылығы бірінші шақырылған сайлауда Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат Қоңырат руднигінің кеншісі Қосымбаев Алтынбекке дауыс берді.

 

1939 жылы Балқаш көлі жағасындағы балықшылар поселкесі «Рыбтрест» деп аталды.

 

1939 жылы аудан бойынша ең алғашқы ұстаз болып Смағұлов Әбдірахым Ленин орденімен марапатталды.

 

1939 жылы Аудандық өрт қауіпсіздігін бақылау инспекциясы құрылып, ішкі істер бөлімінің құрамында болған инспекцияны Жүкіжанов Кенжеғара басқарған.

 

1939 жылы аудан бойынша орта мектептің 10 класын Молдин Айтмағанбет, Жүнісов Амантай, Жағыпаров Шәймұрат, Ғалиханов Мұхамедия, Досымбеков Кәріғұлдар алғашқы болып бітірді.

 

 

1940 жылы Аудан бойынша Бесбатыр, Тескен су, Жамбыл, Жартас, Кеңасу, Сұлушоқы су қоймалары ат арба, өгіз арбамен салынып, тоғандарға су жіберіліп, суармалы егіншілікпен мол өнім алынды.

 

1940 жылы  Балқаш-балық өндірісі тресі «Балқаш-балық комбинаты» болып өзгертілді.

 

1940 жылы Қазақ КСР-нің құрылуының 20 жылдық мерекесі құрметіне 10 адам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олар: Әшімхан Ахметов, Қошжан Алқамбаева, Қойлыбай Ыбыраев, Бекен Қалиев, Тәтібек Жұмабеков, Кәрімхан Құрымбаев, Ғазиза Орманбаева, Рахымжан Оспанов, Дүйсеке Сәттібаев, Көкен Тақыровтар.

 

1940 жылы Қазақстан Компартиясының ІІІ съезіне Кіндікті ауылдық кеңесінің төрайымы Камила Қаймолдина қатысып, Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланды.

 

1940 жылы Қоңырат ауданына Қарқаралы ауданынан         4 колхоз Кенасу, Жұмыскер, Мәдениет, Қызылжар, Шет ауданынан 3 колхоз Қанаттас, Қорғантас, Жәмші қосылып үлкен мал шаруашылықты ауданға айналды.

 

1940 жылы ауданымызда 179 атлашина 65 ат тырма,       37 астық қоймасы болған. 14 колхоз егіншілікпен айналысқан.

 

1940 жылы Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты ашылып, оған Имашев басшылық жасаған. Алғашқыда өндірісітік комбинат болып аталған.

 

1940 жылы Калинин колхозының басқармасы Дошаев Аятай Москвада Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты.

 

1941 жылы аудан бойынша 24 тауарлы ферма ұйымдастырылған.

 

1941 жылдың күзінде ауданға қоныс аударылған неміс ұлтының семьялары әкелініп, колхоздарға бөлініп орналастырылған.

 

1941 жылы аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі «Жаңа жол» артелі болып құрылып, оған Жүнісов Әбдіғұл жетекшілік жасады.

 

1941 жылы Қоңырат ауданынан 2449 адам майданға аттанған. 1089 адам қаза тауып, хабарсыз кеткен, 1360 адам елге аман оралған. Ұлы Отан соғысында «218» адам ордендермен марапатталған. Қазақстанның 170 ауданы бойынша Совет Одағының Батыры атағын алған 99 қазақтың екеуі Ақтоғайлық болды.   

 

1941 жылы «Қызыл Ту» газетінің бір саны Москвадағы Бүкіл Одақтық ауылшаруашылық жетістіктері көрмесіне жіберілген.

 

1942 жылы Қоңырат ауданына ССР Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туы мәңгілікке сақтауға берілген.

 

1943 жылдың 30 наурызында жерлес тумамыз Нүркен Әбдіровке Советтер Одағының Батыры атағы берілді.

 

1943 жылы СССР мемлекеттік банкісінің аудандық бөлімшесі ашылып, оны Байтышқанов басқарған.

 

1943 жылы Алдабергенов Ақынтай Қазақстан колхозшыларының ІІ съезіне делегат болып қатысып, ауылшаруашылығының озат қызметкері болып наградталды.

 

1944 жылы ауданымыздың тылдағы еңбеккерлері «10» адам майданға 1 млн 666 мың сом қаржы жіберіп сол қаржыға 9 танк, 1 самолет жасаттырған. Олар: Жұбандықов Кенішбай, Жақсыбеков Мәди, Алдабергенов Ақынтай, Әбдіхалықов Әйнек, Әбілдин Адамия, Ахметов Әшімхан, Телібаев Тоқберген, Жантулаков Моншақбай, Әмірханов Қазкен, Шомақбаев Сейдіғазым.

 

1944 жылы ең алғашқы өнер ұжымы 7 адамнан құрылып, оның құрамына жас өнерпаз Тұрған Түсіпбаев қабылданды. Олардың жетекшісі Нұғышова Жақан, мүшелері: Дүйсенбекова Қауаш, Сыздықова Рысбала, Көшербаева Сәлина, Кәдірсізова Сәния, Ғаниева Ғайныш.

 

1944-47 жылдары ауданымызда жеке шаруа малымен қоса есептегенде 23850 қой-ешкі, 700-ге тарта ірі қара болған.

 

1945 жылдың 24 наурызында жерлес-тумамыз Қазбек Нұржановқа Советтер Одағының Батыры атағы берілді.

 

1945 жылы тылдағы жанұиярлық еңбектері үшін Жәнібеков Әбдірахман, Нұржанов Садуақас, Отан соғысының І дәрежелі, Сейтенов Ағыбай, Отан соғысының ІІ дәрежелі ордендерімен, Стамқұлов Хамит «Қызыл жұлдыз» орденімен, Мейірханов Қанапия «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

 

1945-46 жылдары агроном Байжасаров Омаш Ақ бидайдың тұқымын жетілдіріп, бүкіл елді таң қалдырған жаңалық ашып, «Бесбас» бидайды өсіріп шығарып, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне апарды.

 

1945-48 жылдары Сталин атындағы колхозға аудан тарихында тұңғыш рет «Миллионер колхоз» деген атақ екі дүркін берілді. Сол жылдарда колхоз председателі қызметін Ахметов Әшімхан атқарды.

 

1946 жылы соғыстан кейінгі жылы ауданның жер көлемі 4.188.346 гектар жер халық саны 9-779 адамға жеткен.

 

1946 жылы Кенжебеков Ағдарбек Қытай халықтық Демократиялық Республикасының барлау қызметіндегі ерліктері үшін «Азаттық үшін күрес» орденімен марапатталды.

1947 жылы Аудандық тұқымзерттеу лабораториясы ашылып, оны алғашқы маман агроном Мұқыжанов Мұхамедия басқарды.

 

1947 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы академик Ә.Х.Марғұланның жетекшілігімен қола дәуіріне тән Бегазы қорымын зерттеуді бастады.

 

1947 жылы соғыстан кейін М.Горький атындағы орта мектепті ең алғашқылар болып 8 оқушы бітірді. Олар: Түсіпбекова Муслима, Лиза Адамбекова, Зақан Қазанғапова, Тая Каребина, Мінтай Жүнісов, Әлімжан Ысқақов, Сағат Кенжебаев, Масхұт Халлиолиндер  болатын.

 

1947 жылы Темір жол бойындағы Сары-Шаған кентінің құрылысы басталды. Жер барақтар, саман құйылған кірпіштерден үйлер салына басталды.

 

1948 жылдары ауданның 10 азаматы Ленин орденімен наградталды. Олар: Аманқұлов Ерменбет, Асылбекоыв Айтбек, Байғазин Ақбұзау, Есенқұлов Жағыпберлі, Жалтыров Нәдірбек, Жуанышбаев Шаймағанбет, Сарсенбаев Жұмабек, Солтаев Көшербай.

 

1948 жылдың 5 тамызында аға шопан Сәтибек Ыбраевқа Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталды.

 

1948 жылдың 7 тамызында аға шопан Маубас Мұқановқа Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен марапатталды.

 

1948-49 жылдары ауданға арнаулы оқу орындарын бітірген алғашқы білікті мамандар келе бастады. Олардың қатарында Әбілдин Сәрсенбай, Кенжебеков Алшынбек, Таханов Есенбай, Нұрмағанбетов Елубайлар қызмет жасады.

 

1950 жылдан бастап 1960 жылға дейін Геология министрлігіне қарасты мемлекеттік «Волковгеология» бірлестігі Ақтоғай ауданында қазба жұмыстарын жүргізіп, Қарасиыр, Молдашілік, Қызыл, Ақсай, Нұртай, Майтас ұран рудниктерін ашып, экспозициялық дозасы 40-тан 2500-ге дейін микроренген сағатқа жеткен, 335 мың м.куб радиоактивті жыныс үйінділерін жер бетінде ашық қалдырып кеткен.

 

1950 жылы аудандағы егістік жер көлемі 14 мың гектарға жеткен, 39 мектеп жұмыс жасап 2203 оқушы білім алған.

 

1950 жылы Сары-Шаған кенті қала тектес поселка деп аталып, поселкелік Совет құрылды.

 

1950 жылы аудандық мал дәрігерлік бактериялогиялық лабараториясы құрылып, оның басшысы болып Мельник Д.Д тағайындалған.

 

1951 жылдары арнаулы білімді дәрігер Қайназаров Шаймерден, білімді ұстаз Қанафин Әуезхандар ауданымызда қызмет жолдарын бастады.

 

 1951 жылы ауданда ең алғашқы Қоңырат МТС-і (машина трактор станциясы) бұрыңғы Сәуле колхозының орталығынан ашылды. Оның директорлығына Әукенов Қажкен тағайындалды.

 

1951 жылы аудандық Мәдениет бөлімі құрылып оның бастығы болып Қыдырбаев Ғалым бекітілді.

 

1951 жылы ауданның 35 колхозы 11 колхоз болып қайыра ұйымдастырылып, 14 ауылдық кеңестер 11 ауылдық кеңес болып ірілендірілді. Ауданда қой басы 138448-ге, жылқы 7640-қа, сиыр 12423 басқа өсті.

 

1953 жылы Амантай Түсіпова  озат сауыншылар қатарында бірінші болып Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты.

 

1954 жылы Тың игеру эпопеясын жасағандардың қатарында Дауылбаев Әжібек, Исин Әбікен, Райымбеков Төлеухан, Сыздықов Шырындар механизатор болып еңбек етті. Ауданда жүгері, бұршақ, қатты бидай егу қолға алынды. Ақ бидай өсіру тоқтатылды.

 

1954-55 жылдары колхоздарды өркендетуге арналған партия шақыруына орай «отыз мыңдықтар ауылға» деген бастамамен  Смағұлов Болтайхан, Бірлестік, Ибраев Мансұр Қызыларай, Әбілдин Сәрсенбай Ұлы Октябрь, Аймағанбетов Иманжүсіп Қоңырат колхоздарын басқаруға жіберілді.

 

1955 жылы Қарабұлақ МТС-і ашылып, орталығы Жетімшоқыда болып, кейіннен Ақтұмсыққа ауыстырылды. Оның директоры болып Кириллов Алексей Кронидович қызмет атқарды.

 

1955 жылы аудандық партия комитетінің бірінші секретары Яхин Махами Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

 

1956 жылы ауданымыз сүт өндіруден жоғарғы көрсеткішке жетіп, Қызыл Тумен наградталды.

 

1957-58 жылдары ауданда еділбай қойымен бірге Калинин Бірлестік колхоздарында қаракөл қойын өсіру қолға алынды.

 

1959 жылы аудандағы 11 колхоз топтастырылып 9 колхозға бірікті.

 

1959 жылы аудан тарихында ең алғашқы болып қарапайым еңбек адамдарының қатарынан шопанҚаһарман Жәпенов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

 

1960 жылы аудан бойынша Сталин колхозы ең алғашқы Сталин совхозы болып қайыра құрылды. Оған Айтбаев Тәкеш бірінші директор болып тағайындалды.

 

1960 жылы аудан орталығындағы М.Горький атындағы орта мектепті ең алғашқы түлек болып Садуақасов Қайырбек «Алтын» медальмен бітірді.

 

1960 жылы Ақтоғай селосынан аудан бойынша алғашқы балалар бақшасы ашылып, оның меңгерушісі болып Сакенова Мәрбан тағайындалды.

 

1961 жылы аудан тарихында алғаш рет 2 қабатты жаңа орта мектеп ғимараты тастан қаланып бітіп, оқушылар қабылдады. Директоры Тақанов Шешенбай.

 

1962 жылы ауыл шаруашылығына жасалған өзгеріс кезінде Қоңырат ауданы Қарқаралы территориялық өндірістік басқармасына қаратылды. Осы жылы Шет, Қоңырат аудандары біріктіріліп, Ақтоғай ауданы деп аталды,орталы-

ғы Ақтоғай селосы болып бекітілді.

 

1962 жылы Восток-3 космос караблімен космосқа ұшқан космонавт А.Г.Николаев Бегазы сілеміндегі Белтерек деген жерге  келіп қонды.

 

1963 жылы Ақтоғай совхозының аға шопаны Алғамжанов Совет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

 

1963 жылы колхоздардың совхоз болып қайыра құрылуына орай аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіп одақ ұйымы құрылып, төрағалығына Байсеркин Қайырбек сайланды.

 

1963 жылы Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы ашылып, бас дәрігерлігіне Мұхамедияров Елжетті тағайындалды.

 

1963 жылы март айынан бастап 11 колхоздың орнына құрылған 6 совхозды ХХІІ партия съезі атындағы совхоздың алғашқы директоры Айтбаев Тәкеш, Қызыларай совхозының алғашқы директоры Әмірбеков Иманғазы, Қаратал совхозының алғашқы директоры Баданов Шәймерден, Қоңырат совхозының алғашқы директоры Аймағанбетов Имантүсіп, Ақтоғай совхозының алғашқы директоры Рымқұлов Дүйсенбай, Шұбартау совхозының алғашқы директоры Аманбеков Касабектер басқарды.

 

1964 жылы Шет ауданы Ақтоғайдан бөлініп жеке аудан болып қайыра құрылды.

 

1964 жылы Қарағанды облыстық тас жолдар басқармасының № 350 аудандық бөлімі құрылып, оның бастығы болып Жүнісов қызмет жасады.

 

1965 жылы бұрынғы мал отары болған Шұбартау, Айыртас өңірінен жаңадан Айыртас совхозы ашылды. Оның алғашқы директоры болып Қойлыбаев Жанабек тағайындалды.

 

1965 жылы Ақсораң тауының әсем шатқалынан «Арай» пионерлік лагерінің құрылысы салынып бітіп, жазғы сауықтыруға оқушылар қабылдады.

 

1965 жылы аудандық деңгейде алғаш рет шопандар тойы өткізіле бастады.

1966 жылы ауыл спортын дамытумен тікелей шұғылданатын «Қайрат» ерікті спорт қоғамы құрылып, оның алғашқы төрағасы болып Омаров Баттал сайланды.

 

1966 жылы Ақтоғай селосын Ақсу-Аюлы селосымен жалғаған тас жол пайдалануға берілді.

 

1967 жылы Ағадырдағы мешорация (ХРСУ) мекемесінің аудандық бөлімшесі құрылып, оны Әбеуов Теңлік басқарды.

 

1967 жылы Ақтоғай совхозының аға шопаны Жәркенов Исбек Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

 

1967 жылы құс фермасының негізінде Тораңғалық құс фабрикасы ашылып, оның деректоры болып Булгакова Ольга Кузминчина тағайындалып, фабриканы 20 жылға тарта іскерлікпен басқарып Одаққа танытты.

 

1967 жылы аудан орталығына алғаш рет ауыз су құбырлары тартылып, су шүмектері орнатылып пайдалануға берілді.

 

1968 жылы Тоқырауын өзенінің үстінен алғашқы көпір салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

 

1968 жылы М.Горький атындағы орта мектеп үш қабатты 640 оқушыға арналған жаңа ғимаратқа көшірілді. Мектеп директоры болып Қыдырбаев Тиішбек тағайындалды.

 

1968 жылы М.Горьекий атындағы орта мектептен қазіргі К.Байсейітова атындағы орта мектеп орыс 8 жылдық мектебі болып бөлініп шықты. Алғашқы директоры Кенжебеков Ағдарбек болды.

 

1968 жылы Қарағанды – Балқаш тас жолдары төселді. Совхоздармен телефон байланыстарын орнату қолға алынды.

 

1969 жылы Мәдениет үйінің құрылысы қызу қарқынмен жүргізілді.

 

1969 жылы Ақтоғай аудандық әскери комиссариаты құрылып, бастығы болып майор Сағындықов Зейнолла бекітілді.

 

1970 жылы Лениннің 100 жылдығына арналып өткізілген Қарағанды облыстық көркемөнерпаздар байқауына 100 адам қатысып бірінші орынды иеленді. Республикалық байқаудың лауреаты атанды.

 

1970 жылы аудан бойынша музыка мектебі ашылып, оның директор қызметін музыка маманы, қобызшы Ибраев Есіркеп атқарды.

 

1970 жылы қараша айында аудандық Мәдениет үйінің құрылысы салынып бітіп, мәдениет пен өнердің іргелі ошағына айналды.

 

1970 жылы Ауданымызға жоғарғы вольтты электр жүйесі тартылып, халық игілігіне пайдалануға берілді.

 

1970 жылы 23 шілде күні ауыр науқасатан Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков Қарағанды қаласында дүниеден озды.

 

1971 жылы аудан көркем өнерпаздарының  драма үйірмесіне Мәдениет бөлімінің бастығы М.Сәтековтің басшылығымен «Халық театры» атағы берілді.

 

1971 жылы Шатырша тауының баурайынан асфальт төсеу зауыты салынып іске қосылды.

 

1971-75 жылдары Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шайдаров Жаманқұл екі  дүркін Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды.

 

1972-1985 жылдары жерлесіміз шахтер Шұғайыпбек Тоқмағанбетов екі дүркін СССР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. 

 

1973 жылы ауданымыз Қарағанды облысынан бөлініп жаңадан құрылған Жезқазған облысының құрамына енгізілді.

 

1973 жылы жаңадан Жәмші совхозы ұйымдастырылып, оның директорлығына Мұқжанов Қауаз тағайындалды.

 

1973 жылы Шұбартаулықтардың бастамасымен Ақтоғай совхозынан ең алғашқы комсомол жастардың шопандар бригадасы құрылып, «Жалын» деп аталды. Ұстаз-жетекшісі болып Тұяқбаев Қабдыраш сайланды.

 

1974 жылы Ақтоғай селосынан балалар мен жасөспірімдердің спорт метебі ашылды. Спорт мектебінің негізін қалаған да алғашқы директоры да Смағұлов Әзибек болды.

 

1974 жылы Ақтоғай-Балқаш қаласын жалғастырған тас жолы пайдалануға берілді.

 

1975 жылы  Тоқырауын толқындары өнер ұжымына «Халық ән-би ансамблі» атағы беріліп, ансамбль                        Б. Шортанбаевтың басқаруымен Қазақстанның атынан Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесі құрметіне 9 мамырда Одақтың астанасы Мәскеуде өнер көрсетті.

 

1975 жылы Ақтоғай ауданы қой шаруашылығын өркендетуде ең жоғарғы нәтижеге жеткені үшін Қазақстан КП Орталық комитеті Қазақ ССР Министрлер Советі, Қаз Совпроф, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен наградталды.

 

1975 жылы аудандық партия комитеті жаңадан салынған екі қабатты кеңсе ғимаратына көшірілді.

 

1975 жылы Жамшы совхозының механизаторы, «Гүлдер» комсомол жастар бригадасының жетекшісі  Исина Мағираш ВЛКСМ Орталық Комитетінің XVIII съезіне ауданнан тұңғыш делегат болып қатысты.

 

1976 жылы Ақтоғай ауданы бесжылдықтың тапсырмаларын орындаудағы жоғарғы көрсеткіштері үшін Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алтын Құрмет кітабына жазылды.Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шайдаров Жаманқұл.

 

1976 жылы Ақтоғай ауданы Қазақстан КП Орталық Комитеті Қазақ ССР Министрлер Советі, ҚазСовпроф, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Республикалық Социалистік жарыста тоғызыншы бесжылдықтың халық шаруашылығы жоспары мен міндеттемелерін орындаудағы ең жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін Естелік құрмет дипломымен наградталды.

 

1977 жылдың ақпан айында ауданымыздың Айыртас, Шұбартау, ХХІІ партсъезд совхоздары жаңадан ашылған Приозерный ауданының құрамына берілді. Аудан орталығы болып Озерный поселкесі бекітілді.

 

1978 жылдан бастап ауған соғысына ауданымыздан 32 жас азаматтар әскери міндетін атқару мақсатымен қатысып, оның ішінде біреуі (Серікбай Оразалин) ауған жерінде қаза тапты.

 

1978 жылы Ақтоғай-Қызыларай совхоз арасындағы тас жол пайдалануға берілді.

1979 жылы ежелден Нұрабасы деп аталатын Ақши мамандырылған шаруашылық бірлестігі Шет ауданынан ауыстырылып, Ақтоғай ауданының құрамына енгізілді.

 

1979 жылы Аудандық автотранспорт паркі (АТП) ашылып, оның бастығы болып Құлпейісов Алпысбай тағайындалды.

 

1979 жылы Қаратал совхозының «Шалқар» үгіт бригадасы Каримов Мұқсиынның басқаруымен халықтық атақ алды.

 

1980 жылы алғашқы деректердің негіздемесімен Ақтоғай ауданының құрылғанына 50 жыл толу мерекесі салтанатты түрде өткізілді. Оған Қазақ ССР-нің халық артісі атақты биші Шара Жиенқұлова құрметті қонақ болып қатысты.

 

1980 жылы Аудандық автотранспорт паркінен жолаушы автобусы паркі (ПАТП)  бөлініп шығып, оған Несіпбеков Секен бастық болды.

 

1980 жылы аудан өркендеудің биік белесіне көтерілді. Мұғалімдер саны 431-ге жетті. Ауданда 2 мәдениет үйі, 21 селолық клуб, 33 кітапхана, 10 автоклуб, 21 тұрақты кино қондырғы халыққа қызмет көрсетті. Ауданда 24 жоғары білімді, 116 орта білімді медицина мамандары халыққа дәрігерлік сауықтыру емдеу қызметтерін көрсетті.

 

1980 жылы аудан тұрғындарының саны 16322 адамға жетіп, жер көлемі 876870 шаршы киллометрді қамтыды.

1980 жылы аудан совхоздарында 201 мың бас қой, 8894 бас ірі қара, 38797 бас жылқы өсірілді. 381 автомашина, 632 трактор, 105 комбайн, 106 «К-700» тракторы, 466 шалғы, 244 тұқым сепкіш агрегаттар ауыл шаруашылығына пайдаланылды.

 

1980 жылы аудан орталығынан В.И.Ленин атындағы парк, жазғы кино театр,  Еңбек Даңқы голереясы ашылды.

 

1980 жылы аудан орталығынан Совет Одағының Батыры Қазбек Нұржановқа,  СССР халық әртісі Күләш Байсейітоваға ескерткіш және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Отан қорғаушылар» монументі орнатылды.

 

1980 жылы Қазақ телефильм киностудиясы Ақтоғай ауданының өркениетті жетістіктері туралы «Дала әуендері» атты документальды фильм түсірді.

 

1981 жылы ХХІІ партсъезд совхозының аға шопаны, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Үмітбек Сұлтанбеков Москвада өткен КПСС ХХVІ съезіне делегат болып қатысты.

 

1981 жылы Қаратал совхозының аға шопаны Үйқасбаев Зәрубек Қазақ ССР Жоғарғы Кеңсінің депутаты болып сайланды.

 

1981 жылы Ақтоғай ауданы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті, Қазақ ССР Министрлер Советі кәсіподақтардың Қазақ Республикалық Советі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің ауыл шаруашылық өнімдерінің аса маңызды түрлерін өндіру мен сатуда жоғарғы нәтижелерге жеткені үшін ауыспалы Қызыл Тумен наградталды.

 

1982 жылы Ақтоғай ауданы СССР-дің құрылғанына 60 жыл толуы құрметіне өткізілген Социалистік жарыста жеңімпаз болып КПСС Орталық Комитетінің СССР Министрлер Советінің ВЦСПС-тің және ВЛКСМ –нің ауыспалы Қызыл Туымен наградталды.

 

1982 жылы Ақтоғай ауданы КПСС Орталық Комитетінің СССР Министрлер Советінің ВЦСП пен ЦК ВЛКСМ-нің Бүкіл Одақтық социалистік жарыста мал өнімдерін өндіруде ең жоғарғы жетістіктерге жеткені үшін Құрмет грамотасымен наградталды.

 

1982 жылы 200 төсектік аудандық аурухананың жаңа ғимараты салынып пайдалануға берілді. Бас дәрігер болып Ежебаев Қабдуақит тағайындалды.

 

1982 жылы Жәмші совхозы аудан бойынша ең алғашқы болып Республикалық деңгейдегі асыл тұқымды дегерес қойын өсіру шаруашылығы авторлық мәртебесін алды. Директоры Мұқажанов Қауаз.

 

1983 жылы Ақтоғай ауданы Қазақстан КП Орталық Комитеті Қазақ ССР Министрлер Советі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің ауыл шаруашылық өнімдерінің аса маңызды түрлерін өндіру және сату жөніндегі жоспарды ойдағыдай орындап, жарыс жеңімпазы атануымен ауыспалы Қызыл Туы берілді.

 

1983 жылы аудандық оқу бөлімі Бүкілодақтық социалистік жарыс жеңімпазы болып ауыспалы Қызыл Тумен наградталды.

 

1984 жылы Тоқырауын толқындары фольклорлық ән-би ансамблі ауданның идеологиясын ұзақ жылдар басқарған Жұмағұлова Дәркеннің басшылығымен Қазақстан Республикасының атынан Венгрия республикасында шығармашылық өнер көрсетті.

 

1984 жылы Қазақ ССР-нің халық суретшісі жерлесіміз Сахи Түсіпбекұлы Романов өзінің қол таңба туындыларының 40-қа тарта суреттерін туған жері Ақтоғай ауданына сыйға тартты.

 

1984 жылы Ақтоғай-Жәмші тас жолының құрылысы аяқталды.

 

1984-1985 жылдары Ақтоғай ауданы КПСС Орталық Комитетінің СССР Министрлер Советінің ВЦСПС пен ВЛКСМ Орталық Комитетінің Бүкіл Одақтық Социалистік жарыста экономикалық және әлеуметтік салаларда жоғарғы жетістіктерге жетіп он бірінші бесжылдықтың тапсырмаларын орындап КПСС XXVII съезіне жоғарғы табыстармен қарсы алдағы табыстары үшін ауыспалы Қызыл Туы табыс етілді.

 

1984 жылы Ақтоғай селосынан №14 кәсіптік техникалық училище ашылып, жаңа оқу корпусында түлектерді мамандықтар бойынша оқытуға қабылдады. Оның алғашқы директоры болып Нөкешов Ораз қызмет атқарды.

 

1984 жылы жаңадан Абай совхозы құрылып, оның алғашқы директоры болып Исбеков Әуез тағайындалды.

 

1984 жылы жаңадан Еңбек совхозы ашылып, оның алғашқы директоры болып Жақсыбеков Сәтберген  тағайындалды.

 

1984 жылы Қоңырат совхозының аға шопаны Сейілханов Сейдіғали КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

 

1984 жылы құрамында 32 мүшесі бар аудан өнерінің жаңашылдығы ретінде Қожамбаевтар әулетінің «Рауан» атты жанұялық ансамблі құрылды.

 

1984 жылы Қоңырат совхозының «Сарыжайлау» атты ұлт-аспаптар оркестріне «Халықтық ұлт-аспаптар оркестрі» атағы берілді. Жетекшісі Төлеуқадыр Әшкеев.

 

1985 жылы Сейілханов Сейдіғали Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

 

1986 жылғы тарихи желтоқсан қозғалысына Республиканың әр түрлі қалаларынан Ақтоғайлық 12 студент қатысқан. Исбеков Жәлел ұйымдастырушыларының бірі ретінде түрмеге қамалып, 5 жылға сотталған.

 

1986 жылы Ақтоғай ауданы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті, Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумы Қазақ ССР Министрлер Советінің шешімімен он бірінші бесжылдықтың қорытындылары бойынша шаруашылық және мәдени құрылыс жоспарын орындауда аса үздік табыстарға жеткені үшін Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алтын Құрмет кітабына жазылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысыТоқметов Саят.

 

1987 жылы «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблі   Кожанбаев Куаттың басқаруымен Украйнадағы Қазақстан күндерін мерекелеуге қатысып өнер көрсетті.

 

1987 жылы ауданның 59 жылдық тарихында бірінші рет Ақтоғайдың өз тума азаматы Жүнісов Рымбек аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды.

 

1987 жылы Ақтоғай қонысынан жаңадан К.Байсейітова атындағы орта мектеп ғимараты салынып бітіп, оқушылар қабылдады. Мектеп директоры Нұрғайын Ақтаева.

 

1988 жылы аудан орталығынан отын базасы құрылып, оны Балғабаев Есім басқарды.

 

1988 жылы аудан шаруашылық жылының қорытындысына орай КПСС Орталық Комитетінің СССР Министрлер Советінің ВЦСПС-тің және ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет дипломымен марапатталды.

 

1988 жылы аудандық жастар орталығы ашылып, қайыра жөндеуден өткізілген бұрыңғы электр станциясының ғимаратына орналасты. Жастар орталығының жетекшісі болып Шәріпов Әлжақсы бекітілді.

 

1988 жылы Аудандық мәдениет үйі жанындағы би ұжымына «Балбырауын халықтық би ансамблі» атағы берілді. Балетмейстрі Бақыт Хасенова.

 

1988 жылы Ақтоғай ауданы КПСС Орталық Комитеті СССР Министрлер Советі ВЦСПС пен ЦК ВЛКСМ-нің мал қыстатуда, мал өнімдерін өндіруде ең жоғарғы жетістіктерге жеткені үшін Құрмет грамотасымен наградталды.

 

1988 жылы Ақтоғай-Еңбек совхозын жалғаған тас жол салынып бітті.

 

1988 жылы Қазселхозтехника бірлестігінің әкімшілік құрылымдары Ақтоғай селосына көшіріліп, жаңа тұрғын үйлер мен қойма, кеңсе ғимараттары салына бастады.

 

1989 жылы Ақтоғай – Қарағанды көтерме тас жолына асфальт төселе бастады.

 

1989 жылы аудан тұрғындары алғаш рет Алматыдан телехабар бағдарламасын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

1989 жылы Ақтоғай ауданы 5 миллион 886 мың сом таза пайдамен қорытылып, биік экономикалық жетістікке жетті.

 

1989 жылы Ақтоғай қонысындағы бұрыңғы телеком байланыс орталығының ғимараты аудандық мұражайға беріліп, бейімделіп қайыра жөндеуден өткізілді.

 

1989  жылы аудан бойынша архив (мұрағат) мекемесі ашылып, оның алғашқы директоры болып Алпысбаев Шапибай тағайындалды.

 

1989 жылы Тоқырауын толқындары ән-би ансамблінің бишісі Шалбаева Әніз Пхеньян қаласында өткен жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік ХІІІ фестиваліне қатысты.

 

1990 жылы «Тұрғын үй 91» бағдарламасы негізінде Ақтоғай селосынан жаңадан Жосалы ықшам ауданы бой көтерді.

 

1990 жылы Ақтоғай – Жезқазған әуе жолы ашылып, алысты жақындатқан Чехословакияның шағын  самолеті ұша бастады.

 

1990 жылы Ақтоғай ауданынының құрылғанына 60 жыл толуы салтанатты түрде тойланды. Шатырша баурайына парашутпен шашу шашылды.

 

1990 жылы Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Оңғарқұлов Мерхаят  ВЛКСМ-ның ХХІ съезіне делегат болып қатысты.

 

1991 жылы Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рымбек Жүнісов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

 

1991 жылы Шашубай Қошқарбайұлының туғанына 125 жыл толуына орай Озерный поселкесінің атауы Шашубай қонысы болып өзгертілді.

 

1991 жылы Аудандық археологиялық-этнографиялық мұражай ашылды.Оның директоры болып Мұсатаев Аманқұл тағайындалды.

 

1991 жылы Ақтоғай ауданында Республикалық Лениншіл жас газетінің 70 жылдығы тойланды.

 

1991 жылы айтыскер ақын Жұбанқұлов Кенішбайдың туғанына 125 жыл толуына арналып ас беріліп, мазары жаңартылып, басына зәулім құлпытас қойылды.

 

1991 жылы ағартушы, ақын Нарманбет Орманбетұлының рухына арналып ас беріліп, қатым-құран түсірілді, құлпытас қойылды. Жаңаорталық ауылына Нарманбет ақынның аты берілді.

 

1991   жылы аудан орталығынан жаңадан наубайхана салынып бітіп пайдалануға берілді.

1991  жылы жаңадан аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты салынып халыққа қызмет көрсете бастады.

 

1992 жылы ақпанда Ауданды басқарудың Кеңестік жүйесі таратылып әкімшілік басқару жүйесі құрылып, ауданның алғашқы әкімі болып Дүйсебеков Сағадат тағайындалды.

 

1992 жылы ақпанда Еңбекшілер депутаттары аудандық советі атқару комитеті таратылып, аудандық маслихат болып жаңадан құрылып, маслихат хатшысы болып Қалияқпаров Мырзахан сайланды.

 

1992 жылдың мамыр айынан бастап аудан әкімінің өкімімен ауданның барлық совхоздарының төрт түлік малдарымен дүние-мүліктері мемлекет меншігінен алынып, жекешелендіріліп, тұрғылықты халықтың иелігіне таратылып беріле бастады.Тәуелсіздіктің ауылдағы алғашқы реформасына Ноғаев Амангелді жетекшілік жасады.

 

1992 жылы аудан бойынша ең алғашқы «ауданның құрметті азаматы» атағы аға шопандар Совет Алғамжанов пен Исбек Жаркеновке берілді.

 

1992 жылдың 21 тамызда Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбай, Ә.Ермековтерге арналып танымдық конференция өткізіліп, ас берілді. Оған ғалымдар Кеңес Нүрпейісов, Тұрсынбек Кәкішев, Оңайбек Құдышов, Мұхтар Құл-Мұхамбет, Қали Жуасов жазушылар Жайық Бектұров, Кәмел Жүнісовтер мен Алаш қайраткерлерінің Москвадағы Алматыдағы ұрпақтары шақырылып қатысты. Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова да құрметті қонақ болды.

 

1993 жылы тәуелсізідіктің алғашқы тартуы ретінде Қараменде би бабамыздың рухына бағышталып ас беріліп, қатым-құран түсіріліп, мазары жаңартылып салынып құлпытастар қойылды. Баба құрметіне бұрыңғы Еңбек кеншарна Қараменде баба аты берілді.

 

1993 жылы Жидебай бабамыздың рухына бағышталып, ас беріліп, қатым-құран түсірілді, мазары жаңартылып, құлпытас орнатылды. Қоңырат кеншарына Жидебай батыр бабаның аты берілді.

 

1993 жылы тамызда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 25 адамнан тұратын Камал Смайлов бастаған арнаулы комиссиясы  ауданның тарихи жерлерін аралап танысып, проблемаларға зерттеулер жүргізді.

 

1993 жылы Приозерный ауданының атауы Тоқырауын ауданы болып ауыстырылды.

 

1993 жылы қыркүйекте «Тоқырауын толқыны» ансамблі Алматыда өткен тұңғыш қазақ құрылтайына қатысып өнер көрсетті.

 

1993 жылдың наурыз айында Ақтоғай ауданының Тәуелсіздік жылдарындағы ең алғашқы мұсылмандық мешіт ашылып, Алланың жердегі үйінің  имамы болып Досмақов Ғабидолла тағайындалды.

 

1993 жылы Ақтоғай-Еңбек совхозын жалғаған тас жолға Ақтас өзені үстінен Қараменде би көпірі салынды.

 

1993 жылы Тоқырауын толқындары ән-би ансамблінің құрылғанына 20 жыл толуы салтанатпен аталып өтілді.

 

1993 жылы Республикалық қазақ телефильм студиясының арнайы тапсырысы бойынша Ақтоғай ауданында ұлттық салтдәстүрді насихаттауға бағытталған «Қыз ұзату, келін түсіру» атты документальды фильм түсірілді.

 

1993 жылы Аяғанова Маржан қазақ өнерінің атынан Францияның астанасы Парижде ән шырқады.

 

1994 жылы Әбішов Қабылсаят  Қазақстан Республикасы Парламенті сенатына депутат болып сайланды.

 

1994 жылы тамызда Сана би бабамызға арналып ас беріліп, қатым-құран түсіріліп, мазары жаңартылып қайыра тұрғызылып, құлпытас орнатылды.

1994 жылы Әбілқанов Төлеуқұл Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

 

1994 жылы жеке кәсіпкерлерінің алғашқыларының бірі болып аудан орталығынан «Абылайхан» атты сауда дүкені ашылды.

 

1995 жылы 2 шілдеде Шабанбай би  бабамызға арналып ас беріліп, қатым-құран түсіріліп, мазары жаңартылып қайыра тұрғызылды. Қаратал кеншарына Шабанбай би-бабаның аты берілді.

 

1995 жылы тамызда аудан жұртшылық өкілдері Қарауылда Ұлы Абайдың 150 жылдық мерей тойына қатысып, Тоқырауын толқындары ән-би ансамблі өнер көрсетті.

 

1995 жылы № 14 Кәсіптік техникалық училищенің өнерпаз түлектері Абайдың 150 жылдық мерей тойына арналған «Абай жолы» атты Республикалық байқаудың жеңімпазы болып танылып, Индия астанасы Делиде  өнер көрсетті.

 

1995 жылы шілде айында Төлеген бабаға ас беріліп, қатым-құран түсіріліп, құлпытас қойылды.

 

1996 жылы тамызда  Жалаңтөс батыр бабаның рухына арналып ас беріліп, қатым-құран түсіріліп, мазары жаңартылып тұрғызылып, құлпытас орнатылды.

 

1996 жылдың 7 желтоқсанында  Ақтоғай электр жүйесі өз алдына «Энергия» акционерлік қоғамы болып құрылды.

 

1996 жылдың 18-21 желтоқсанында Алматы қаласында өткен Жезқазған облысының мәдени күндеріне «Тоқырауын толқыны» ансамблі қатысып өнер көрсетті.

 

1997 жылдың 3 мамырында Жезқазған облысы таратылып, Ақтоғай ауданы Қарағанды облысының құрамына берілді.

 

1997 жылы 2 маусымда Ахметбеков Төлеужан ауданға әкім болып тағайындалды.

 

1997 жылы Жарылғап Махмұт аудандық маслихат хатшысы болып сайланды.

 

1997 жылдың 2 маусымында Тоқырауын ауданы таратылып, Ақтоғай ауданымен біріктірілді.

 

1997 жылы Қусақ ауылдық округінен ұн шығаратын ең алғашқы шағын диірмен цехы ашылды. Жетекшісі Мартбек Сәрсенбеков.

 

1998 жылы сәуірде  ауданда қуаты 10 Ваттық радиотаратқыш іске қосылды.

 

1998 жылы тамыз айында Саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары атты алаңда нәубат-құрбандарына ескерткіш тақта орнатылды.

 

1998 жылдың қыркүйек айында Ақтоғай селосында Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхановқа, Жақып Ақбайға, Әлімхан Ермековке арналып Республика бойынша ең алғашқы  өркениетті ескерткіш орнатылды. Аудан әкімі Ахметбеков Төлеужан.

 

1998 жылы Тәуелсіздіктің тағылымы ретінде шежірелердің тұсау кесер бастауы болып алғаш рет Т.Жақсыбаевтың «Шежіре» кітабы жарық көрді.

 

1998 жылы «Балқаш», «Тоқырауын», «Қоңырат», «Ақтоғай» болып аталған қасиет тұнған ауданның тарихына айналған ардагер қарттар мен ақсақал қариялар үшін «Ардагерлер үйі» ашылды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Байжұманов Сағатай.

 

1998 жылы Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Т.Жармағанбетовтің ұйымдастыруымен алғаш рет өнер ардагерлерінің ансамблі құрылды. Ардагерлер ансамблінің жетекшісі болып Түсіпбаев Тұрғанбек сайланды.

 

1998 жылы «Қызыл Ту», «Арқа Еңбеккері» атанған аудандық басылымның аты өзгеріп, «Тоқырауын тынысы» газеті болып ауыстырылды.

1998 жылы Ақтоғай орталығындағы тарихи білім ордасы бұрынғы М.Горький қазіргі Ә.Бөкейхан атындағы орта мектептің құрылғанына «70» жыл толуы салтанатпен аталып өтілді. Мектеп директоры Әбдрахманова Бақыт.

 

1998 жылы әулие көріпкел халық емшісі Әуезененің рухына арнап ас беріп, қатым-құран түсіртіп, қабірін мәрмәр тасмпен қаптап, құлпытас орнатты.

 

1999 жылы Дересін жерінде Кәріпбай қожаның рухына бағышталып ас беріліп, қатым-құран түсірілді.

 

1999 жылы 31 наурызда аудан бойынша «Отан» партиясының аумақтық ұйымы құрылды.

 

1999 жылы Мәнжіғұл батырдың рухына ас беріліп, қатым-құран түсірілді.

 

1999 жылы аудан орталығынан «Лаура» атты алғашқы жанар май құю пункті ашылды.

 

2000 жылы Ақтоғай ауданының жұртшылығы тәуелсіздік дәуірінің ХХІ ғасырының киелі табалдырығынан аттады.

 

2000 жылы Рахымбеков Дәулет аудан орталығынан ең алғашқы «Ерасыл» атты шағын наубайхана ашып, халыққа қызмет көрсете бастады.

 

2000 жылы тамыз айында Ленин орденді ұстаз Ж.Кеңесбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналып шара өткізіліп, орта мектептің аты берілді.

 

2000 жылы қазан айында Шот бабаның рухына арналып, қатым-құран түсіріліп,  көл жағасында ас беріліп, мазары жаңартылып тұрғызылды. Құлпытас орнатылды.

 

2000 жылы  Алаш сыйлығының иегері дауылпаз ақын Серік Ақсұңқарұлының 50 жасқа толуы Ақтоғайда мерекеленіп Серікке Ауданның Құрметті азаматы атағы берілді.

 

2001 жылдың тамызында Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған XV облыстық Сарыарқа 2001 спартакиадасы Ақтоғайда өткізілді. Аудан спортшылары жүлделі 3 орынды иеленді.

 

2001 жылы шілдеде Ленин атындағы саябаққа алғашқы шыбығын өзі шаншып, мәуелі баққа айналдырғаны үшін Жаманқұл Шайдаровтың есімі берілді.

 

2001 жылы қазан «Дала академигі» атанған З.Көпбаев Астанадағы Елбасы Резиденциясында Президентіміз Нұрсылтан Назарбаевтың қабылдауында болды.

 

2001 жылы 8 ақпанда Әбдікеров Рысқали ауданға әкім болып тағайындалды.

 

2001 жылы Республикалық дәрежедегі «Ұлытау үні» фестивалінің «Әнші балапан» байқауынан Құралай Зейнелғабдина Гран-приді жеңіп алды.

 

2001 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласында өткен кәсіпкерлердің облыстық конференциясында «Дарын» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Төлепбеков жыл қорытындысы бойынша «Үздік кәсіпкер» жүлдесінің жеңімпазы болып таңылды.

 

2001 жылы Нарманбет ауылында Қазақ ССР-нің халық артісі, әнші сазгер Манарбек Ержановтың туғанына 100 жыл толу мерекесі өткізілді.

 

2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығы құрметіне Тоқырауын өзені аңғарынан ардагер хоккейші Жеңіс Қорабаевті еске түсіруге арналған мұз айдыны ашылып, жарыс өткізілді.Ұйымдастырған Мұқанов Асан.

 

2002 жылы Сарытерек селолық округінің басында Көшкін бабаға ас беріліп,қатым-құран түсіріліп, кесене тұрғызылып, құлпытас орнатылды.

 

2002 жылы қараша айында Қазақстан кәсіпорындарының бірі – «Балқашбалық»  ЖШС-нің өнімдері Еуропа рыногына шығарылып, экспортқа жол ашты. Жетекшісі Құсбаев Ахадь.

 

2002 жылы Төлеңгіт баба ұрпақтары Қусақ ауылына мешіт салып берді.

 

2002 жылы мамыр Қазақстандағы геофизикалық қызметтің кемеңгер ұйымдастырушысы, ірі ғалым, геолог, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төкіш (Төлепберлі) Ақышевтың 70 жылдығы қарсаңында Жалаңаш мектебіне ғалымның есімі берілді.

 

2002 жылы мамыр III облыстық «Абай оқулары 2002» сайысында «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясында өз шығармаларын орындауда Ә.Бөкейхан мектептің 8 сынып оқушысы Еркебұлан Жармағанбетов бас жүлдені иеленді.

 

2002 жылы Қуаныш ауылында «Мереке» клуб үйі ашылды.

2002 жылы мектеп атаулары өзгерді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Жаңаорталық орта және Калинин атындағы орталау мектептерінің атаулары өзгертілді. Жаңаорталық орта мектебі – халық әртісі Манарбек Ержановтың, Калинин орталау мектебі – ақын Дәуітәлі Стамбековтың есімімен аталды.

 

2002 жылы Үшарал негізгі мектебіне мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Ә.Болғанбаевтың есімі берілді.

 

2003 жылы Оңғарқұлов Мерхаят аудандық маслихат хатшысы болып сайланды.

 

2003 жылы ақпан айында №14 Кәсіптік мектеп жанынан «Ақ тоқаш» атты наубайхана ашылды. Ұйымдастырушы Кәрім Ахметов.

 

2003 жылы 8 наурызда Зәуреш Исмағанбетова Елбасының мерекелік қабылдауына шақырылып қатысты.

 

2003 жылы Ресейдегі Қазақстан жылы болып белгілеуіне орай Қарағанды облысының атынан Ақтоғай ауданы Қорған қаласындағы мәдени  шараларға арнайы барып  қатысты. Тоқырауын толқындары ән-би ансамблі өнерін көрсетті. Аудандық мұражай ұлттық этнографиялық көрмені тамашалатты. Өмірбек ақсақалдың алты қанат ақ үйі Қазақ ауылының көркіне айналды.

 

2003 жылы мамырда Аудан халқы теледидардан алғаш рет облыстық телеарнаның хабарын көру мүмкіндігіне ие болды.

 

2003 жылы қараша айында облыстағы шаруа қожалықтарының жұмыс нәтижелерінің қорытындысымен Нүркен селолық округіндегі «Базар» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Кәрімов «Жыл үздігі» атанды.

 

2003 жылы желтоқсан айында Аудандық телекоммуни-кация Жалаңаш ауылына 50 нөмірлік АТС орнатты.

 

2003 жылы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің бос тұрған бұрыңғы интернат-ғимараты жөндеуден өткізіліп жаңадан ашылған өнер мектебіне берілді. Директоры Ақбаева Бағдат.

 

2003 жылы аудан орталығынан алғашқы болып «Ақ жол» тойханасы ашылып, елдің игілігіне қызмет ете бастады. Оны ашқан Метжанов Бағдат.

 

2004 жылы Сарытерек ауылдық округіне қарасты Жетімшоқы елді мекенінде Қожағұл бабаның рухына арналып ас беріліп, қатым-құран түсірді, кесене тұрғызып құлпытас орнатылды.

 

2004 жылы Шашубай қонысында жаңа монша ашылды.

 

2004 жылы  маусым айында Қазақстан Республикасының Білім Министрі Ж.Күлекеев ауданымыздың Шашубай қонысындағы ресурстық орта мектепте болып, мектептің жетістіктерімен танысып, лайықты бағасын берді. Мектеп директоры Түкбаева Айман.

 

2004 жылы тамыз айында «Сәрсенбек» шаруа қожалығының жетекшісі Батырбек Оспанов Нарманбет ауылынан ел игілігі үшін тойхана ашты.

 

2004 жылы желтоқсан айында Қусақ  ауылында Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңына соғыс ардагерлерінің құрметіне үлкен ескерткіш қойылды.

 

2004 жылдың 21 ақпанында  Аудандық мәдениет үйінде жергілікті ақын, журналист марқұм Үмітай (Мүбарак) Жармағанбетұлының «Жанымның жайдым жапырағын» атты кітабының тұсаукесері өтті.

 

2004 жылы қыркүйек айында «Қазақстан теміржолының» ғасырлық мерейтойына орай жасақталған «Отан» мерекелік поезінің шеруі 14 қыркүйекте Саршығанға келіп тоқтады. Бұл шеру халықтық мереке болып өтті.

 

2004 жылы қараша айында Нарманбет селолық округі орталығына «Қазақстан»  «Хабар» «Еларна»  арналарын ұстайтын қабылдағыш аппарат қойылды.

 

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде әйгілі Бегазы қорымына Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымы Арман Бейсенов жетекшілік жасаған арнайы зерттеу тобы қалпына келтіру жұмыстарын бастады.

 

2005 жылы 14 маусымда Татибеков Мейірхан ауданға әкім болып тағайындалды.

 

2005 жылы Нарманбет Орманбетұлының шығармалары «Отырар» кітапханасы ғылыми орталық арқылы зерттеуші Амангелді Туғанбаевтың жетекшілігімен кітап болып басылып шығып қалың қауымның қолына тиді.

 

2005 жылы мамыр айында Ұлы жеңістің мерекесі қарсаңында № 14 кәсіптік мектептің мұғалімі Торғай Ақпанбаеваның «Өшпес ерлік - Өлмес мұра» кітабының тұсау кесері өтті.

 

2005 жылы маусымда Көрпетай алқабында Тілешұлы Омаш болыстың рухына арналып ас берілді. Әкесі Тілештің зиратына құлпытас орнатылды.

 

2005 жылы қараша айында Ақтоғай селосы орталығынан осыдан он жыл бұрын жабылып қалған «Аққыз» балабақшасы ашылды. Меңгерушісі Қақабаева Ләззат.

 

2005 жылы қараша айында Нарманбет ауылы орталығынан «Қамқор» шаруа қожалығының жетекшісі З.Сыздықов 10 кісілік қоғамдық монша ашты. Бұл монша заман талабына сай салынған.

 

2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығы құрметіне өткізілген облыстық байқауда халық театрының ардагері Аманолла Шайбеков бас жүлдені жеңіп алды.

 

2005 жылы Қараменде бабамыздың ұстазы Садыр Қожа әулиенің қабірінің басына зәулім құлыптас орнатылып, қатым-құран түсірілді.

 

2005 жылы Белайн спутниктік байланыс жүйесі орнатылып, қалта телефондарын пайдалануға қол жеткізілді.

 

2005 жылы Түсіпбеков Абылай аудан бойынша тұңғыш рет Қазақстан Республикасы білім беру саласының «Құрметті қызметкері» атағын алды.

 

2006 жылы 20 қазанда Жарылғап Махмұт ауданға әкім болып тағайындалды.

 

2006 жылы Ауданының бас имамы Қомарұлы Иматайдың бастамасымен және тікелей ұйымдастырумен жаңа мешіттің құрлысы басталды.

 

2006 жылдың 10 сәуірінде Ақтоғай техникалық желілер учаскесі мекемесі алдында ауданымызға келген соңғы жаңалық SI-2000 АТС сандық жүйесінің іске қосылып пайдалануға берілген салтанаты өтті.

 

2006 жылы 7 мамырында Ақжарық ауылында Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылуы мен  Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 61 жылдық мерекесі қарсаңында интернационалист жауынгер Серікбай Оразалиннің аты берілген жастардың спорттық демалу кешені ашылды.

 

2006 жылдың 21 шілде айында Шабанбай би ауылында жаңа мешіт ашылды.

 

2006 жылдың 28 қараша айында Саршыған кентінде «Айгөлек» балабақшасы, мәдениет үйі, мешіт үйлері ресми ашылды.

 

2006 жылдың 2 маусым айында Айыртас аймағында Бесбұлақ Жорға тауының бөктерінде Төлеңгіт ұрпағының бір туар азаматы 22 жыл болыс болған Меңаяқұлы Оспанқұл бабаның 150 жылдығына арналып ас берілді.

 

2006 жылдың 25 қазан айында К.Байсейітова орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ақбергенова Саягүл Қазбеккызы 2005-2006 жылғы «Жыл мұғалімі» қорытындысының жеңімпазы атанды.

 

2006 жылдың шілде айында аудан орталығында Қарағанды облысы бойынша ауыл жастарының үшінші форумы өтті.

 

2007 жылы талантты спортшы Төлегенов Еркебұланды еске түсіруге арналған футболдан ашық турнир өткізілді.

 

2007 жылы Ақтоғай қонысындағы бұрыңғы тұрмыстық қызмет көрсету мекемесінің ғимаратынан әмбебап «Үміткерім» сауда орталығы ашылды.Ұйымдастырушы Көкеев Марат.

 

2007 жылдың 7 тамыз айында Әсет Найманбаевтың туғанына  140 жыл толуына орай ас беріліп, мәдени шаралар өткізілді. Мақаншы ауданынан қонақтар келіп қатысты.

 

2007 жылдың  27-28 қыркүйек айында Қараменде бидің туғанына 300 жыл толуына арналған салтанатты рухани  шаралар өтті. Аймақтық ақындар айтысы болып, бас жүлдені ақын қыз Сара Тоқтамысова жеңіп алды.

 

2007 жылдың  28 қыркүйек  айында Жидебай селолық округіне қарасты Үш арал ауылында селолық клуб-үйі ашылды.

 

2007 жылдың 16 ақпанында «Мәдени–мұра» бағдарламасы бойынша Ақтоғай ауданында ақындар айтысы өтті.

 

2007 жылы  19 қазан айында Ақтоғай селосында Қазақстан Республикасының спорт шебері Руслан Айтыкенұлы Кенжебековтің атында қазақ күресінің турнирі өтті.

 

2007 жылы «Селоның таңдаулы Мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша мәдени-сауық орталығының директоры Нұрлан Күлшікенов Облыс әкімінің марапатын иеленді.

 

2007 жылы Алланың жолымен мұсылмандық парызын өтеу үшін аудан шежіресінің жаңа беттері болып жазылған Мірәсіл ақсақал мен Күлмәйра бәйбіше Меккеге қажылыққа барып қайтты.

 

2007 жылы Ақтоғай селосында белгілі күйші сазгер Ахметова Аққыздың (Мүгілсім) туғанына 110 жыл толуына арналып ас беріліп, мәдени шара өткізілді.

 

2007 жылы қарт ана Көкенқызы, Жәнке келіні Бибіғайша елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына өз бата-тілегін жолдады. Президент Бибіғайша апаға өз қолымен жазып, алғыс хатын жіберді.

 

2007 жылы Мейірманов Серік Ә.Бөкейханов даңғылы бойынан жеңіл автокөліктерді жөндеуге арналған шағын шеберхана ашты.

 

2007 жылы Күләш Байсейітованың атындағы орта мектептің алдына Күләш Байсейітованың мүсін-ескерткіші орнатылды.

 

2008 жылы Қазақ киносының жауһарына айналған Қыз Жібек фильмінің бас кейіпкерлері Қ.Тастанбеков, М.Өтекешовалар мен аудан жұртшылығының дәстүрлі кездесуі өткізілді.

 

2008 жылы Нұр Отан партиясы аудандық филиалының жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді.

 

2008 жылдың 22 ақпанында  Қарағанды қалалық №2 халыққа қызмет көрсету орталығының Ақтоғай филиалы ашылды.

 

2008 жылдың 16 сәуірінде Ақтоғайдан Қарағанды бағытына шығатын жолдың бір шақырымында батыс жақ қанатынан «Ақ қайың» бағы ашылды.

 

2008 жылдың 1 қыркүйек айында Жидебай селолық округіне қарасты Үш арал ауылында қос қабатты жаңа мектеп ашылды. Мектепке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлық иегері филология ғылымының докторы, профессор Ә.Болғанбаевтың есімі берілді.

 

2008 жылдың 11-12 қыркүйек айында Ақтоғай ауданының 80 жылдығына орай «Шаңырақ аллеясы» ашылды.

 

2008 жылы Ақтоғай ауданының «Жастар мен жұмыс жасау орталығы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Басшы болып Аманжолов Абылай тағайындалды.

 

2008 жылдың 31 қазан айында Әсет Болғанбаевтың туғанына  80 жыл толуына орай село орталығында ғылыми конференция өтті. Оған Алматыдан ғалымдар келіп қатысты.

 

2008 жылдың 10 қыркүйегінде Ақтоғай ауданының құрылғанына 80 жыл толу мерекесі Шатырша тауының баурайында сән-салтанатпен өткізілді.

 

2008 жылы Шашубай елді мекеніндегі орта мектептің жанынан «Балдырған» атты бала-бақша кешені ашылды.

 

2009 жылы қаңтар айында Күләштің әнші сіңілісі атанып кеткен Мақшонова Гүлдана Қарағанды облысы бойынша ауыл мәдениетінің үздік қызметкері атанып, «Алтын қобыз» сыйлығымен марапатталды.

 

2009 жылдың 22 сәуір айында 15/13 қаулысына сәйкес Жидебай селолық округіне қарасты Жалаңаш селолық клуб ашылды.

 

2009 жылдың 3 қазан айында Қызыларай селолық округінде «Ақ жол» тойханасы ашылды. 200 орындық батыс үлгіде әшекейленген.

 

2009 жылдың қазан айында Желтаудағы Ә.Бөкейханов туған қыстаққа, Төңіректастағы Ж.Ақбай туған қыстақтарға, Бөріктастағы Ә.Ермеков туған қыстақтарға ескерткіш құлпытастар қойылды.

 

2009 жылдың 30 қазан айында Кеңес Одағының Батыры Қазбек Нұржановтың туғанына - 90 жыл толу мерей тойы атап өтілді.

 

2009 жылдың  23 қазан айында  Ақтоғай жұртшылығы ақиық ақын, Алаш сыйлығының иегері жерлесіміз Абзал Бөкеновтің 60 жылдық мерей тойын атап өтіп, Абзалға Ауданның құрметті азаматы атағы берілді.

 

2009 жылдың 27 қараша айында Шашубай кентінде «Халыққа қызмет көрсету» орталығы ашылды.

 

2009 жылы Омаров Шәкірбай молданың Қарашоқыдағы мешітінің іргесіне 1933 жылдары көмілген 1128 жылы баспадан шыққан «Фи шариатул Ахмадия» атты Құран кітаптарын (Отырар кітапханасының алтын қорына жатуы ықтимал) ұрпақтары қазып, тауып алды.

 

2009 жылы жол құрылысымен шұғылданатын «Берер» атты жауапкершілігі шектеулі серкіктестік құрылды. Оны ұйымдастырған Отыншин Ертай.

 

2010 жылы 22 қаңтарда Омаров Қабдырахман ауданға әкім болып тағайындалды.

 

2010 жылы «Отау» телеарнасы қосылып, аудан жұртшылығы 38 каналды тамашалауға қол жеткізді.

 

2010 жылы Нүркен селолық округінің Көпбейіт деген елді мекенінде Машақ болысқа арналып ас беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Ауылға Машақ болыстың аты берілді.

 

2010 жылы Ақтоғай селосындағы жазғы стадион мен археологиялық-этнографиялық мұражай ғимараты жол картасы бағдарламасы қаржысымен күрделі жөндеуден өткізілді.

 

2010 жылы  9 мамырында Ұлы Жеңістің -65 жылдығына орай Қазбек Нұржанов есімі саябаққа берілді сонымен қатар қос қапталына майдан даласынан елге оралып, бейбіт өмірде еңбек жасап қайтыс болған жауынгерлер есімі жазылған тақта қойылған болатын солардың ашылуы өтті.

 

2010 жылдың 24 қазан айында Шашубай кентінде Шашубай Қошқарбайұлының-145 жыл мерей тойы өтті.

 

2010 жылдың 2 желтоқсанында «Тәуелсіздік және  Нарманбет Орманбетұлының шығармашылығы» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Оған Астана мен Алматы қалаларынан жазушылар келіп қатысып, баяндамалар жасады.

 

2010 жылдың 16 маусымында «Арқаның ақтаңгер Асылмұраты» атты Бүкіл одақтық және республикалық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамбілінің белді мүшесі марқұм Асылмұрат Аханов атындағы аймақтық ән байқауы өтті.

 

2010 жылдың 16 қараша айында  Қараменде би ауылына қарасты Қуаныш ауылында жаңа мешіт тұрғызылды.

 

2011 жылы 21 қазанда Тілеубергенов Қайыржан әкім болып тағайындалды.

 

2011 жылы аудан өнерінің негізін қалаушы, сазгер Дәртай Садуақасовтың шығармашылығына арналған еске алу кеші өткізілді.

 

2011 жылдың 6 қаңтарында Түріктердің Адан қаласына Өнер мектебінің «Жас толқын» ансамблі өз өнерлерін көрсетті.

 

2011 жылы Ақтоғай селосы мен Жидебай селолық округінде балаларға арналған спорт алаңдары ашылды.

 

2011 жылы  Ә.Бөкейхановтың ата-бабалары жерленген Талды бейіт зиратына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

 

2011 жылы О.Жәутіковтің туғанына 100 жыл толуына арналған Республикалық ғылыми  конференция  өтті. Оған академик Н.Қ.Білиев бастаған 11 ғалымдар Астана мен Алматыдан келіп қатысты.О.Жәутіковтің баласы Болат Орынбекұлы әкесінің ата-мекенінде болды.

 

2011 жылы сәуір-маусым айларында Нұр Отан ХДП-ның хатшысы, саясаттанушы Ерлан Карин ауданымызда болып Түркі әлемінің ескерткіштерімен ең бастысы Ә.Бөкейхановтың туған жерімен ата-бабалары жерленген Талды бейіттегі «Төретам» зиратымен танысты.

 

2011 жылы Алаш көсемдері Ә.Бөкейхановтың туғанына 145 жыл, Ж.Ақбайдың туғанына 135 жыл, Ә.Ермековтің туғанына 120 жыл толуына арналған танымдық конференция өтті.

 

2011 жылы жеке кәсіпкер Бейсекеева Роза Тасарал селолық округінде Бөдене өсіру шаруашылығын құрды.

 

2011 жылы Паң Нұрмағанбеттің әкесі Сағынайдың асында тіккізген киіз үйінің керегесін Бұланбайұлы Шамғын ақсақалдың баласы Зархан аудан мұражайының қорына тапсырды.

 

2011 жылы Сарытерек селолық округіндегі Жабас Кеңесбаев атындағы орта мектеп түлегі  Манат Сымбат орта мектепті «Алтын белгімен» бітірді.

 

2011 жылы Сыздықов Сәкітайға аудан бойынша бірінші рет Қазақстан Республикасы ішкі істер саласының «Құрметті ардагері» атағы берілді.

 

2011 жылы даңқты күйші Дина Нұрпейісованың 1951 жылы ауданға келіп концерт қойғанда сахнада төсенетін кілемшесін ата-аналары 60 жыл бойы сақтаған Алтын Балтабаева көненің көзіндей болған қастерлі мұра ретінде мұражайға тапсырды.

 

2012 жылы 28 тамызда Әбеуова Салтанат ауданға әкім болып тағайындалды.

 

2012 жылы Ақтоғай ауданында ел мұраты үшін алғаш рет «Тоқырауын» атты сән-сәулеті жарасқан зәулім мейрамхананы жасақтап, ашқызғаны үшін Сүйіндіков Қайырқұл ауданның «Жыл адамы» құрметті атағына ие болды.

 

2012 жылы жаңадан «Парасат» мейрамханасы мен сауда орындарына арналған екі қабатты ғимарат пайдалауға берілді.

 

2012 жылы Күләш Байсейітованың туғанына 100 жыл толу мерекесі Ақтоғай ауданында облыстық деңгейдегі шара ретінде салтанатпен аталып өтті. Республиканың әр облыстырынан келіп қатысқан ақындар айтысында бас жүлде автомашинаны ақын Мақсат Аханов жеңіп алды.  Туған жері әркімнің бір таласында жүрген Күләштің ата-бабаларының тұрағы болған мекеніне сілтеме-анықтаушы белгі ретінде ескерткіш тақта орнатылды.

 

2012 жылы Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы» атағы аудан бойынша тұңғыш рет Сәрсенбеков Мартбекке берілді.

 

2012 жылы Сақ дәуірінің археологиялық ескерткішіне жататын Көрпетай тауындағы 37 батыр кешеніне арнаулы экспедициялық жұмыс тобы  қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

 

2012 жылы Ақтоғай селосынан тұтыну құнын репукбликалық деңгейдегі бағамен теңестіріп ұстайтын «ҚазМұнай» компаниясының жанармай құю станциясы ашылды. Бастамашы болған Тохметов Жарылғап.

 

2012 жылы Ақтоғай селосындағы Ә.Бөкейхан даңғылы бойынан жаңа алаңның құрылысы басталды.

 

2013 жылы 29 маусымда Омарханов Ниқанбай ауданға әкім болып тағайындалды.

 

2013 жылы аудан жұртшылығы Жидебай батырдың туғанына 300 жыл толуына арнап ас беріп, қатым-құран түсіртіп, ұлттық дәстүрдің рухани шараларын өткізді. Ұрпағы Жүнісов Рымбек Жидебай батыр атындағы ауылдық округке бабаның ескерткіш-мүсінін орнатты.

 

2013 жылы әр жылдарда аудан орталықтары болған Қарасуға, Дуаншиге, Қарамойынға алғаш рет Балқаш ауданы болып құрылуына 85 жыл толу құрметі үшін ескерткіш тақталар орнатылды.

 

2013 жылы Имек елді мекеніне жоғарғы кернеулі электр желісі тартылып бітті.

 

2013 жылы Желтаудың жекежалындағы  Ә.Бөкейхановтың өзі туған Мұқанның қыстауы атанған жердегі ескі қоныстың іргесі аршылып  қалпына келтірілді.

 

2013 жылы Нарманбет ақынның мазарына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

 

2013 жылы аудандық Кәсіптік лицей аудандық агротехникалық колледж мәртебесін алды. Директоры Мусаханов Қанат.

 

2013 жылы тамыз айында аудандық мәдениет үйінде арқаның ән мұрасын жалғастырушы, әнші Оралтай Сүлейменовтың шығармашылық кеші өткізілді.

 

2013 жылы К.Байсейітова атындағы орта мектеп жанынан қысқы мұз айдынының типтік алаңы жасалынып, пайдалануға берілді.

 

2013 жылы Аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылып, безендірілді.

 

2013 жылы Алтынбеков Қомардың рухына арнап баласы Қомарұлы Бегзат ас беріп, қатым-құран түсіртіп, құранды жатқа айтатын қарилердің Республикалық деңгейдегі жарысын өткізді.2013 жылы Шашубай кентінде Кеңестік кезеңнен иессіздікте бұзылып қалған 5 қабатты тұрғын үй кешені қайыра жөндеуден өткізіліп, 70 тұрғын пәтер алып, қоныс тойын тойлады.

 

2014 жылы Ақтоғай селосындағы орталық алаңға тарихи «Алаш» қозғалысының басталғанына 100 жыл толуының қарсаңында  «Алаш алаңы» атауы берілді.

 

2014 жылы Ақтоғай селосынан тәуелсіздік жылдарындағы тұрғызылған алғашқы күрделі  құрылыс ретінде жаңа типті денешынықтыру сауықтыру кешенін  салу басталды.

 

2014 жылы мамыр айында Астана қаласындағы Орталық оқушылар сарайында Қазақ ССР-нің халық суретшісі Сахи Романовтың шығармаларының көрмесі өткізілді.

 

2014 жылы маусым айында Ақтоғай селосында тұрғындарға қызмет көрсететін сұйық газ отынын құю станциясы ашылды. Ұйымдастырушы Несіпбеков Сейітмұрат.

 

2014 жылы маусым айында Қызыларай ауылында жанұялық дәстүрдің жаңалығы ретінде «Шәжен ата» балалар саябағы ашылды.

 

2014 жылы қолөнер шебері Шабанбай би ауылының тұрғыны Төлеубаева Қамаш Қазақстан Республикасы қолөнер шеберлерінің атынан Тибеттің Неопал қаласында өткен халықаралық қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысып, арнаулы сертификат алды.

 

2014 жылы аудан орталығынан жаңадан балалар алаңының құрылысы жасалып пайдалануға берілді.

 

2014 жылы Ақтоғай ауылындағы Куләш Байсейтова көшесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, селоның барлық басты көшелеріне жаңадан электр  шамдарын орнату жұмысы қолға алынды.

 

2014 жылы Ауданның алғашқы қазығы қағылған жылдармен тұспа-тұс тұрғызыла бастаған ауыл орталығындағы зираттар кешені қоршауға алынды.

 

2014 жылы қаламы қарымды журналшы, талантты ақын Мүсіркеп Сейдахмет облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығымен марапатталды.

 

2014 жылы  Ақтоғай қонысын таза ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырларын су ұңғымаларынан  бастап  су жинайтын мұнараға дейін қайыра тарту және «Ақбұлақ» бағдарламасымен Айыртас, Сарытерек ауылдық округтерінің орталықтарына жаңадан су құбырларын тартып, орнату жұмыстары жүргізілді.

 

2014 жылы бұрыңғы №14 Кәсіптік техникалық училищенің 5 қабатты жатақхана ғимараты коммуналдық меншікке алынып, жас жанұяларға тұрғын үй жасау үшін және аудандық мекемелер кеңсесі мен өнер мектебін орналастыру мақсатында күрделі жөндеу бағдарламасына енгізілді.

 

2014 жылы ауылшаруашылығының өрісін кеңейтіп, азық-түлік базасын құс өсіру арқылы молайту мақсатында 5000-ға тарта қаз балапандары Ақмола облысынан алдырылып, нәсібін кәсібінен табамын деген отбасыларына арзан бағамен үлестіріліп берілді.  

 

Деректер Т.Ө.Мұқанның "Ел тарихы рухани қазына" (танымдық дерекнамасынан алынған)

Ақтоғай 2014 жыл

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района