в актогае 32
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
Мобильная версия

Отанды сүю - иманнан!

Тәуелсіздіктің таңы атып тұрғанда Ислам дініміз көркейіп жана бермек. Қанатын кеңге жайған діннің бір шетінен ұстап, жүрекке иман ұялатып, ар, ұятты сақтап қалу парыз. Шәкәрім Құдайбердиев «Үш анық» атты философиялық еңбегінде: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ» деген. Философ Ғарифолла Есімнің айтуынша: «арлы адам, алдымен, құдайына қараған, құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар - әр адамның өз ісінің төрешісі». 

"Ақылды сол - ынсап пен ар сақтайды,

Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды".

Және:

"Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан", - деген шумақтар да Шәкәрім Құдайбердіұлының ар қалтасынан алынған жолдар.

«Ұяттылық, ар-намыстылық, тілге ие болу және ақыл – иманнан. Мұндай адамдардың ахирет қалауы көбейіп, дүние қалауы азаяды. Сараңдық, әдепсіздік, арсыздық – ұятсыздық пен екіжүзділіктен туындайды. Бұларда дүние қалауы көбейіп, ахирет қалауы азаяды», - деген Ислам ғұламасы Бәйһақи. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдарында рухани дамып, халықтың діни санасы кеңейіп, білімі молайды. Жер-жерлерде көптеген мешіттер ашылып, дін саласында қызмет ететін азаматтардың да қатары артып келеді.

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. Жалпы алғанда, ішкі саяси тұрақтылықты – әртарапты қоғамдық құбылыс ретінде тануға болады  және  оған  әртүрлі: саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни, этникалық, тілдік тағы басқа да факторлар әсер етеді. Ислам дінінің табиғаты сондай, сенімі күшті діндар адам өзінің туыстары  мен  ұлтына, еліне көп алаң болмай, рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын  жақын  тұтып, соларға  жәрдем  етуге бейім болады және қажет болған кезде солардан қолдау күтіп, көмек сұрауға да дайын тұрады. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Бұл жөнінде Ел Президенті  Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деген.

Жалпы Отанға деген маxаббат имани мінезден қалыптасады. Ал иманның негізі – ұят. Жас баланың бойында ұяты бар болса қартайған ата әжелеріміз бойына иманы бітіпті деп Аллаға шүкірлік етіп жатады.

«Арсыз арам, асығыс айлакерлік,

Мұның бәрі шайтанның досы болмақ». (Шәкәрім)

Адам болудың бір шарты - Ұят деген ұғымды бойға сіңіру. Ұят дегеніміз - адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу, өзіңе-өзің ұрсу, өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. «Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар - надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес - ақымақтық, жамандық», - дейді, Абай Құнанбаев отыз алтыншы қара сөзінде. Қазақтың қайнар көзі Абай атамыздың айтқан салмақты ойларының түпкі төркіні адамды ар-намыспен ғана рухани байытуға болатынын көздейді. Алла Тағала Құран Кәрімде ар-намыс тураы көптеген аяттар келтірген. Арлы адам ғана Алланың рақымына бөлене алатынын көреміз аяттарды оқи отырып.

Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Ағайын-туысты татуластыру да үлкен сауапты амал. Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) жеткен хадисте Құба тұрғындары төбелесіп қалып, тіпті бір-біріне тас лақтырған. Бұл туралы Алла елшісіне (ﷺ) айтылғанда, ол сахабаларына: «Жүріңдер, оларды татуластырайық», - деген (Бұхари). Бұл хадис кез-келген дау үстіндегі адамдарды бір-бірімен ортақ тіл табыстыруға күш жұмсаудың қажеттігін меңзейді.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Біз жыл сайын Рухани келісім күнін, Құрбан айт секілді діни мерекеліріміз бен өзге де дін өкілдерінің ұлттық, діни мерекелерін бірлесіп атап өтеміз. Бұл халық пен елдің, өзге діндер мен ұлттардың бөлінбей, керісінше бірге, тату болып отырғандығының көрінісі.

Отанды сүю – біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар орнықтырады. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

 

Ақтоғай аудандық орталық

мешіттің бас имамы, аудандық дін

мәселелері бойынша ақпараттық

түсіндіру тобының мүшесі

А.Тукитаев

 

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района