в актогае -3
USD 379.29
EUR 426.40
RUB 5.93
Мобильная версия

Мектеп тарихы

«Айыртас негізгі орта мектеп» КММ тарихы

Мектеп тарихы өткен ғасырдың 50 жылдары Шұбарайғыр қыстағында бастауыш мектеп-интернатын ашудан басталады. Сол жылы мектеп директоры болып Жүнісов Амантай тағайындалады. 60-жылдардың ортасына қарай, аталған мектеп қазіргі Айыртас селолық округіне қарасты №3 ферманың орталығына көшіріліп, 1965 жылдан 1966 жылдың жазына дейін Сағымбеков Қабыл директор болып, Қажыкәрімова Ырымбала  ұстаздық етеді. 1965 жылы Айыртас совхозы құрылып, 1966-67 жылдары барақ үлгідегі мектеп және интернат үйі салынып, жоғарыда аталған бастауыш мектеп-интернат жаңа мектепке ауыстырылып, №3 сегіз жылдық мектеп болып құрылады. Мектеп директоры қызметіне Нөкербеков Кәкеше тағайындалады.

1971-72 оқу жылында №3 сегіз жылдық мектеп №7 Айыртас орта мектебі болып қайта құрылады. 1972 жылы мектеп ғимаратына қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 3 кабинет қосылады, яғни 1 бастауыш сынып, 1 пионерлер ұйымының бөлмесі, 1 шеберхана. Оқу жылының жазында Нөкербеков Кәкешенің ауылдық кеңестің төрағасы қызметіне ауысуына байланысты мектеп директоры М. Оразалин  болады. 1973-74 оқу жылында мектеп кабинеттік жүйеге көшіріледі. Бұл кезде мектеп директоры Қазақ ССР-ң еңбек сіңірген мұғалімі Смағұлов Қуанышбек болатын. 1975-76 оқу жылында мектептен буфет ашылады. Сол жылы совхоздың өркендеп, халық санының өсуіне, бала санының көбеюіне орай мектеп алдындағы екі пәтер ұлдарға арналған интернат ретінде жабдықталады.

1983 жылдың аяғына қарай заман талабына сай типтік үлгідегі 2 қабатты мектеп құрылысы аяқталып, 1983-84 оқу жылының 3 тоқсаны жаңа мектептен басталады. Сонымен қатар 120 орындық интернат үйі іске қосылады.

Қазақ ССР-ң  еңбек сіңірген мұғалімдері Смағұлов Қуанышбек, Елеубеков Зияда, «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Драгунова Александра, Қазақ ССР-ң  еңбек сіңірген мұғалімі Жұманова Роза, «Аға мұғалім» атағын алған Қажыкәрімова Ырымбала, Қазақ ССР-ң білім беру ісінің үздігі, «Аға мұғалім» атағының иегері Исина Шайза, сондай-ақ Ақбергенов Ғалия, Түсіпов Сейітбек, Нұрмағанбетов Мүкәрам, Әбеуов Ыдырыс, Жабасбаев Күмісбек, Жұмағұлов Тұрлыбек, Смағұлова Шайза, Сәтбеков Кенжеғалым, Исина Гүлжамал, Әмірқұлова Қоңырша, Мейірбекова Төлеутай, Мейірбекова Бақтыбала, Қалиев Қордабай, Сыздықов Рахман, Кәдірбеков Орал, Елеубекова Әлия, Елеубекова Мәрия, Құлмағанбетов Ертөлеуқұл, Сүлейменова Шәрбат, Смайлова Рыстай, Мұстафа Сәуле, Ерғалиева Валентина, Ақатаева Гүлназ, Аманбаева Тұрсынгүл, Хамиева Айнагүл, Айтжанова Орман, Нұржігітова Алмагүл, Түсіпбаева Мақпал, Нұрланов Есентай, Нұрланова Нұрзира, Какубаева Оңдагүл, Шаймерденов Мұрат, Әлібаев Ақан, Көкеева Айнагүл, Елеубеков Сырым, Әлібаева Кенжегүл ұстаздар осы мектепте қызмет жасаған.

 

1980 жылдан бері Айыртас орта мектебінің директоры

қызметін атқарған тұлғалар

 

Жылы

Аты-жөні

1980-1985 жылдар

Елеубеков Зияда

1985-1987 жылдар

Қалижанов Райхан

1987-1989 жылдар

Смағұлов Ерсланбек

1989-1995 жылдар

Ақбергенов Қалибек

1995-2002 жылдар

Қалиев Қордабай

2002-2007 жылдар

Шайкенов Ернат

2007-2010 жылдар

Елеубеков Сырым

2010 жылдан бері

Шайкен Қайырберлі


Айыртас негізгі орта мектебінің қысқы көрінісі

Қазіргі таңда мектепте облыстық «Алғыс хат» (2016), аудандық «Құрмет грамотасын» (2009) алған Шайкен Қайырберлі география, биология пәндерінен, облыстық, аудандық «Алғыс хат» (2015-2016), «Жылдың үздік мұғалімі» номинациясын (2018), «Жыл мақтанышы» атағын (2018) алған Нығыманова Жанара бастауыш сыныпта, облыстық, аудандық «Алғыс хаттар» (2009-2016), аудандық «Жаңашыл педагог» номинациясын, «Лидер образования» медалін (2017), «Жаңашыл мұғалім» атағын алған Бекмолдина Роза қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен, «Аға мұғалім» атағын алған, «Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған Сарыбаев Әбдібай дене шынықтыру, технология пәндерінен оқушыларымызға сабақ беруде. Осы ұстаздардың ізін жалғап келе жатқан химия, ағылшын пәндерінің мұғалімі Мақажанов Қанатта 2017 жылы аудандық білім бөлімінің «Алғыс хатымен», 2018 жылы «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Мектебіміздің ұстаздар ұжымының саны қазіргі кезде 16 мұғалімді құрайды.

2010-2011 оқу жылында мектеп жанынан «Айгөлек» атты шағын орталық ашылып, жиырма кішкентай бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беруде.

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района