в актогае 28
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
Мобильная версия

Мектеп тарихы

«Тасарал жалпы орта білім беретін мектеп» КММ мектеп тарихы

Тарихы терең, өнегелі білім ордасы

Тарих - тамырлы, өткені  терең, зердесі – биік, елдің ертеңгі ұрпағы - ұлтын, ата-бабасын, ұшқан алтын ұя  мектебін әмәнда  мақтаныш етері сөзсіз.

1933 жылы алғаш сауаттандыру мектебі қазіргі Тасарал қонысынан 7 шақырым Ұстабай деген жерде киіз үйде ашылып, мұғалімі Бейсенбек Батпанов болған. Оның алғашқы оқушылары Жөкіш Ахметов, Касенхан Абдығаппаров, Нұрғали Әлжанов, Райхан Қайпышев, Ақыжан Қожабеков, Көшербай Қатпаев, Рахметолла Алтаев, Рахманәлі Шымырбаев т.б. 1934 жылы «Ескі алаңда» мектеп салынып, оған оқу жасына толған ұл-қыз балалардың бәрі қамтылған. Сол кезде оқушылар саны 250-дей болған. 1936 жылы «Қызыл қазақ» колхозының орталығы Тасарал қонысынан бастауыш мектеп ашылды. 1937 жылы жаңа мектеп салынып бастауыштан жеті жылдық мектепке ауысты. Осы жеті жылдық мектепке 1942 жылға дейін Қосымхан Нұрмұханбетов директор болды. Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты Қ.Нұрмұханбетов соғысқа кетті де, 1942-1945 жылдары мектепті Қынаят Жақыпбаев деген азамат басқарды. Соғыс кезінде мектептің үш сыныбының оқушылары тұз тасу жұмысына босатылғандықтан, қайтадан бастауыш мектеп болып қалды.

1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталды. Мектеп қайтадан жетіжылдық болып ашылды. Соғыстан аман оралған Қосымхан Нұрмұханбетов     1945-1946 оқу жылында қайтадан директор болып, 1950 жылы ауырып қайтыс болды.

1950-1954 жылдар арасында мектепке Ғалиев Жақсырахым деген азамат директор болған. 1954 жылы мектеп директоры болып, Боқай Найманбаев тағайындалып, 1959 жылы жаңа мектеп, яғни қазіргі оқып отырған мектебімізді салуға басшылық жасады. 1963 жылы жетіжылдық мектеп Тасарал сегізжылдық мектебі болып қайта құрылды. Осы жылдары оқу ісінің меңгерушісі Егінәлі Әлібеков болған. 1963-1964 оқу жылында Қарағанды облысы бойынша сегізжылдық мектептер арасында өткен жарыста Тасарал мектебі жарыс жеңімпазы болып бірінші орынды жеңіп алды. Соның нәтижесінде мектеп директоры Боқай Найманбаев «Қазақ ССР-ы оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталды және ауылдың әлеуметтік-мәдени өміріне барынша ат салысып, мектеп оқушыларының сана-сезімін халық педагогикасы негізінде тәрбиелеуде көп жылғы еңбегі бағаланып «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болды. Сол кездегі мектептің іргесінің мықты болып қалануына, шәкірттердің білімді болып шығуына үлес қосқан ұстаздардың ұстазы Боқай Найманбаев басқарған ұстаздар тобы көп жылдық іс-тәжірибелерін аямай жемісті еңбек еткені үшін «Қазақ ССР-і оқу ағарту ісінің үздігі» белгісімен: Шарбан Сәттібаева, Егінәлі Әлібеков, Баршагүл Бақышева, Күләш Найманова марапатталды және басқа да еңбек еткен ұстаздар Жәңгір Тұрабаев, Ахмет Бейсенқұлов, Елубай Қотырашев, Нұржамал Жолданова, Ыбырайқұл Ермекбаев, Сәуле Сламбекова, Қамажан Қарашолақов, Ұлан Қсанов, Нұрғазы Бікіров, Үмила Баймағанбетова, Кәсен Жүнісов, Сәулет Ахмедиева, Күміскүл Әбенова сияқты ұстаздар тек шәкірттерге ғана білім беріп қана қоймай жас мұғалімдерге де ұстаздық көмек бере білген жандар. Жыл сайын мектеп бітірген түлектер жоғарғы оқу орындарына түсіп, оны бітіріп еліміздің әр облыстарында жемісті еңбек етіп жүр. Мектеп түлектері ішінен 4 ғылым докторы 6 ғылым кандидаттары бар.

Олар:      

1.Аймағанбетов Ерғара Балғараұлы – экономика ғылымының докторы, профессор, академик Қарағанды экономикалық университетінің ректоры.

2. Жанбеков Мәтібай Иманбекұлы – химия ғылымының докторы, профессор.

3. Сапаров Қуандық Сапарұлы – биология ғылымының докторы, профессор.

4. Сәрсенбаев Шекті Сәрсенбайұлы – тарих ғылымының докторы.

5. Мұқымбеков Мағауия Қоңқабайұлы – экономика ғылымының кандидаты.

6. Ахметов Мұқыр Жолтышұлы – математика ғылымының кандидаты.

7. Алтаев Бейбіт Шмалұлы – экономика ғылымының кандидаты, доцент.

8. Әлібиев Дәулет Бөдешұлы – математика ғылымының кандидаты, доцент.

9. Әбенов Дәулет Құсайынұлы – тарих ғылымының кандидаты.

10. Майкотова Ғалия Тілеубергенқызы – филология ғылымының кандидаты, доцент.

Бұларды ауыл тұрғындары мақтан етеді.

1980 жылы Боқай Найманбаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты осы мектептің түлегі Қасенова Ағлипа  директор болып, ал оқу ісінің меңгерушісі Оспанова Алтын Мақашбекқызы тағайындалды.

Бұл жылдары мектептің материалдық-техникалық базасы өмір талабына сай жааңарып толықтырылды. Барлық пән кабинеттері үстел, орындық, шкафтар және оқулықтармен жаңартылды. Орыс тілі пәні кабинетіне тұңғыш рет лингафондық ақпаратты басқару жүйесі орнатылды. Приозерный аудандық оқу бөлімі тарапынан алғаш рет сегізжылдық мектептер арасында «Орыс тілі мен әдебиет сабақтарында білім сапасын арттыруда оқушыларға коммунистік тәрбие беру жұмысы тақырыбында» орыс тілі мен әдебиеті пәнінен семинар өткізілді. Пән мұғалімдері Күләш Найманова пен Базаркүл Махаджанова алғыс жарияланды. 1984-1985 оқу жылдары барлық пән кабинеттері толық кабинеттік жүйеге көшірілді. Мектептегі сабақтардың өтілу сапасы жақсартылды. Соның нәтижесінде 1986 жылы «Кәсіптік және жалпы білім беретін мектептердің реформасына байланысты коллективтің оқушыларға тәрбие беру жолындағы жұмысы» тақырыбын аудандық мектеп директорларымен тәжірибе алмасу барысында біздің мектепте семинар өткізілді. Семинарда ашық сабақ берген мұғалімдер орыс әдебиетінен 5 сынып Базаркүл Махаджанова, математикадан дайындық тобына Нәсіпкүл Омарбекова, тарихтан 4 сыныпта Мейрам Аймағанбетов, тәрбие сағаты 3 сыныпта Арадақ Жүнісова өткізді. Мектеп директоры Ағлипа Касенова «Мектепішілік бақылау жұмысына басшылық» тақырыбына баяндама жасады. Мектеп бойынша «Біз бейбітшілікті тілейміз» атты көгілдір от оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Алтын Оспанованың басшылығымен өтті. Өткізілген семинар аудандық оқу бөлімі басшыларымен, мектеп директорлары тарапынан жоғары бағаланды. 1988 жылы «Сабақтарда және сабақтан тыс уақыттарда оқушылардың білім сапасын арттыруда педколлективтің жұмысы» атты аудандық бастауыш сыныптар мұғалімдерінің семинары өтті. Бұл семинарда бастауыш сынып мұғалімдері Күләш Құрманова, Нәсіпкүл Омарбекова, Раушан Төлеубекова, Алтын Оспанова болып әр түрлі тақырыптарда ашық сабақтармен, тәрбие сағаттарын өткізді. Семинарда бастауыш сынып мұғалімдері сабақтың білімділік және тәрбиелік мақсаттарын біртұтас бірлікте қарастырып әр тақырыпты өткенде оқушыларды азаматтық, патриоттық және адамгершілік рухында тәрбиелеуді басты назарда ұстайтындықтарын көрсетті.

         Ауданаралық «Жыл мұғалімі – 89» байқауында бастауыш сынып мұғалімі Раушан Төлеубекова І жүлдені жеңіп алды және бастауыш сынып мұғалімі Нәсіпкүл Омарбекова «Жыл мұғалімі – 91» байқауына қатысып жүлдегер атанды.

1995-2000 жылдары мектеп директоры қызметін осы мектептің түлегі Мейрам Балқараұлы Аймағанбетов атқарып, 2000 жылы денсаулығына байланысты қызметін босатты.

2000-2013 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін Ерғали Балқараұлы Аймағанбетов атқарды. 2013 жылдан бастап 2017 жылға дейін директорлық қызметті Найманбаев Махмут Боқайұлы атқарды.  2017 жылдан бастап мектеп директоры болып Балтышева Ғалия Арынқызы тағайындалды.  Болашақ шәкірттер тәрбиелеп оқытуда көпжылдық іс-тәжірибелерін аямай жемісті еңбек еткендері үшін, облыстық, аудандық білім беру «Құрмет грамотасымен» марапатталған ұстаздар Базаркүл Махаджанова, Күлмаш Шажағаева, Күләш Құрманова, Машырупбек Түсіпбеков облыстық білім департаментінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Қазақ КСР «Оқу ағарту ісінің үздігі» және 2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен» Нәсіпкүл Омарбекова, Қазақ ССР оқу министрінің «Құрмет грамотасымен» Алтын Оспанова, Наурзбек Бейсекеев және 2004 жылы мектеп директоры Ерғали Балғараұлы Аймағанбетов Білім және Ғылым министрі болған Ж.Күлекеевтің өз қолынан Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Мұғалімдер шығармашылық жұмыс істеуге бетбұрыс жасады. Әдістемелік білім күнінде математика, физика пәнінің мұғалімі М.Түсіпбековтің «Бестік кімге бұйырады?» тақырыбы бойынша жаңаша сабақ беру жұмысы мұғалімдер арасынан қолдау тауып кеңінен насихатталды. Түсіпбекова Түймекүлдің 5-11 сыныптардағы «Диктанттар жинағы» жөніндегі авторлық еңбегі жинақталуда. Мектепте Бейсекеев Н., Құрманова К., Омарбекова Н., Жүнісова А. сияқты тәжірибелі ұстаздар еңбек етіп білім сапасын көтеруде нәтижелі жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар Ф.Нұрлыбаева, А.Ахаева, А.Сембекова тәрізді жас маман кадрларымен толықтырылып, еңбек етуде.

Мектеп ұжымы оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беруді қашанда басты назарда ұстайды. Оқу тәрбие жұмысы бүгінгі талапқа сай жақсарып келеді.

Мектепте жүргізілетін пәндер 4 әдістемелік бірлестіктерге топтастырылған. Әр пәннің берілуі, оқушының білімді игеру сапасы жоспарлы түрде бақылау, рейтингілік талдау жүйесі арқылы анықталады.

Бүгінде мектебімізде дәстүрге айналған қуантарлық жайт, ол «Көк толқын» мектепішілік әдеби-шығармашылық газеті. Мұғалімдер тарапынан газеттің шығуына басшылық жасау Нұрлыбаева Фаризаға жүктелген. Оқушылар арасынан газет редакторы Аманбай Бақыт, редактордың орынбасары Тымабай Риза. Газет ай сайын мектеп өмірі, ауыл тынысы, ұлағатты ұстаздары, жас қаламгер оқушылар жайында сыр шертеді.  

2018-2019 оқу жылында 23 мұғалім еңбек етіп отыр. Олар жас ұрпаққа білім берудің осы заманғы үрдістерін енгізіп, бүкіл ұжымды осы бағыттан таймауға жұмылдыруда. Бүгінгі таңда  76 оқушы оқушы білім алуда.

Ұстаздық мамандық – еш уақытта ескірмейтін, қажеттілігін, маңыздылығын жоймайтын, жауапкершілігі де жоғары қасиетті мамандық. Себебі ұстаздардың алдында еліміздің болашағы, әр ата-ананың көз қуанышы, үкілеген үміті отыр. Сондықтан мұғалім білімділігімен де, парасаттылығымен де шәкірт жанына білім нәрін құйып, жүріс-тұрысымен үлгі бола білген.

Мектепте оқушылар мен мұғалімдер өз білімдерін жетілдіру мақсатында мектеп кітапханашысымен пікір алысады. Мектеп кітапханасында газеттер мен журналдар, әдеби кітаптармен мол қамтылған. Кітапханашы Дүйсенова Нұрбақыт оқырмандарға керекті материалдарын іздестіріп, жиі-жиі оқушылармен тығыз байланыста болып, конференцияларда өз баяндамаларымен оқушы оқырмандарын әдебиетімізді сүюге баулиды.

1959 жылғы мектеп үйі

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района