в актогае 25
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
Мобильная версия

Жаңалықтар

 

 

 

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласының «Туған жер» жобасы, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында еліміздің келешегі жастарға туған өлке тарихын, киелі жерлерін дәріптеп, насихаттап-түсіндіру мақсатында Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімі ұсынады

Сеңгірбай Малқараұлы «Сеңгірбай-Бек» - Қазақтың ұлы ханы Абылай бас қолбасшылығын сеніп тапсырған тарихи тұлғалардың бірі. Хан құзыры аманат етіліп, Сеңгірбай бабамыз Сарыарқаға билік жүргізіп, иелік еткен. Одан кейін «Хан жығар», «Хан атасы» деген дәрежелерге де ие болған. Сеңгірбай бабамыздың есімімен бірге аталатын «Бек» дәрежесі – ордадағы ханнан кейінгі екінші лауазым екен білдіреді.

Сеңгірбай бабамыздың мазары – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылы өңіріндегі Тоқырауынға құятын Жіңішке өзені бойында орналасқан. Қарағанды облысы орталығынан – 325 шақырым, Балқаш қаласынан – 165 шақырым, Ақтоғай ауданы орталығынан – 65 шақырым жерде орналасқан.

Сеңгірбай Малқараұлы (XVIII ғасырда) қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылы өңіріндегі бірінші Үлкен Желтаудың бөктеріндегі Сеңгір өзенінің бойында дүниеге келген. Баба есімінің Сеңгірбай аталуы да осы Сеңгір өзені бойында туғандығымен байланысты. Осы бірінші Үлкен Желтаудың арғы беті мен бергі бөктері «Сеңгірбай басы» деп аталады. Себебі, бабамыздың кіндік қаны тамған және орда тіккен жері – осы Үлкен Желтау. Сонымен қатар, осы Ақтоғай ауданындағы «Бір қыстақ» деп аталатын бөлімшені жергілікті халық «Сеңгірбай қыстағы» деп те атайды.

 

Сеңгірбай-Бек батырдың тарихи тұлға ретінде тануымызға негіз болатын құнды бір дерекке тоқталсақ.

Қытайдың Боғды ханына арқа сүйеген жоңғардың Сыбан ханы қазақ жеріне дүркін-дүркін жорық жасап, жоспарлы жорықтарының бірін «Екінші Мекке» атанған Түркістанды қолға қаратып, Жетісу, Шу, Қаратау өңірлерін жаулап алуға жұмсаған. Осы жорығында Сыбан ханның Дауыл батыры қазақ батырларынан тегеурінді қарсылыққа тап болатынын күтпеген болатын. Жоңғар әскеріне қарсы шайқасқа қазақтың Жұма батыры 40 мың қолмен аттанғаны туралы хабарды естіген Тама Сеңгірбай-Бек батыр да Арқа жерінен қазақтың жаужүрек батырларын жедел қол жинап, көмекке аттанған екен. Жанталасқан қиян-кескі ұрыстың үстіне түскен Сеңгірбай-Бек Жұма батырдың жан алысып – жан берісіп жатқанын көріп, бірден ұрысқа кіреді. Жоңғардың Дауыл батырына қарсы атылған ол жау жағының бас қолбасшысының басын кесіп, туын жығады. Төтеден келіп қосылып, жауды тұқыртып жіберген батырдың қимылы мен өжеттігіне риза болған Жұма батыр:

Һас батырдың баласы,

Қан майданда табысады.

Қас жаманның баласы,

Айдалада қағысады, деген. Сен бала, жөніңді айтшы, – деп сұраған екен.

Сонда Сеңгірбай:

– Арғы атамды сұрасаңыз – әйгілі Ақша батырдан туған Малқара. Өзімнің атым – Сеңгірбай. Көп Арғынның ішіндегі «Қарабура» ұранды Тамамын, – дейді. Сөйтіп, екі батыр қансіңді далада қауышып, құшақтасып табысқан екен.

Сеңгірбай бабаның Жұма батырға өзін таныстырғандағы сөзіне сүйенсек, әкесі Малқара да батыр болғандығына көз жеткіземіз. Әкелі-балалы Малқара батыр мен Сеңгірбай-Бек 1727 жылы «Бұланты», «Аңырақай» шайқастарында ғажап ерлік көрсеткен даңқты батырлар болған. Қазақтың ұлы ханы Абылай жалпы өз заманындағы жаугершілік тұсында Тама батырларынан қол үзбеген. Оның себебі, Тама батырлары – 27 атаға дейін билік құрған жауынгерлік шежіре. Сондықтан да, Тама тайпасы Кіші жүздің «Ноқта ағасы» атанған.

Сол заманда бектің бегіне хан құзыры аманат етілетін де тәртіп болыпты. Біздің Сеңгірбай бабамыз осы аманат сеніп тапсырылған тарихи тұлғалардың бірі. Яғни, Сарыарқаға билік жүргізіп, иелік еткен. Одан кейінгі «Хан жығар», «Хан атасы» деген дәрежелерге де ие болған.

«Алтайдың «Ақбас Атан» ер Сеңгірбай-Бек батыры» атанған (тарихи тұлға туралы нақты деректер Ілияс Есенберлиннің 6 томдық жинағының 2-ші кітабында «Жанталас» шығармасында (518-519 беттер) дәлелді баяндалған). Ал, белгілі ғалым Б.Адамбеков «Мәдениет және тұрмыс» журналына «Сеңгірбай батыр Абылайдың Бас жарғышы болғандығы» туралы жазады. Бұл жерде «Бас жарғыш» бас жаратын тентектің лауазымы емес, бас кеңесші деген мағынасында айтылғаны туралы деректер келтіреді.

 

Сеңгірбай бабамыз жаугершілік заманда өзінің даналығымен, білектілігімен ел іргесін дұшпанға таптатпай, жусан иісі аңқыған осынау кең байтақ даланы сақтап, ұрпақтарына асыл мұра еткен, асқар таудың шыңындай Сеңгірбай-Бек Малқараұлының есімі де, ерлігі де Еліміздің бүгінгі жас буын жастарына, келешегі кемел келер ұрпаққа дәріптеп, ұлықтаутау біздің міндетіміз екенін ұмытпағанымыз абзал.

 

Қолданылған материалдар Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінен, «Оrtalyq Qazaqstan» газетінің сайтында жарияланған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, баба ұрпағы Р.Бимендинаның 30.07.2018 жылғы мақаласынан, Ілияс Есенберлиннің 6 томдық жинағының 2-ші кітабындағы «Жанталас» шығармасынан алынған.

 

Материалдың толық нұсқасын оқу үшін http://ortalyq.kz/a-bas-atan-atan-an-er-se-girbaj/ сілтемесі арқылы өтіңіз және Ілияс Есенберлиннің 6 томдық жинағының 2-ші кітабындағы «Жанталас» шығармасын оқуға болатынын ескеріңіз.

 

#руханижаңғыру

#киеліөлке

#туғанжер

#ақтоғай

 


Кері қайту

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района