в актогае -2
USD 375.90
EUR 426.65
RUB 5.82
Мобильная версия

Жаңалықтар

 

 

 

Мәуліт – ұлық мереке

Дәстүрлі діни мерекенің жылдан жылға ауқымы кеңейіп келеді. Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген айы — Мәуліт мерекесі жыл сайын еліміздің барлық аймағында кең көлемде аталып өтіледі.

Ақпан айының 27 жұлдызында аудандық мәдениет үйінде «Мәуліт – мейірім мерекесі» атты рухани кеш өтті. Шараның мақсаты – жастарға пайғамбардың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ізгілік пен мейірімді насихаттау.

Шараны Теміртау орталық мешітінің найб имамы Әлімбек Мерзоев қасиетті Құранның әуезді үнімен бастады. Құран оқылған соң пайғамбар рухына салауат айтылып, Алла елшісі туралы бейнефильм көрсетілді.

Салтанатты шараға Қарағанды облысы бойынша өкілі «Әнет баба» орталық мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа, аудандық мәслихат хатшысы Рашит Әбеуов, Теміртау қаласы орталық мешітінің бас имамы Жанболат Хушкелдиев және өңірдегі мешіттердің имамдары, ұстаздар, ақсақалдар қатысты.

Аудандық мәдени бос уақыт өткізу орталығының өнерпаздары сахыналық қойылымын ұсынды. Дәстүрлі ән өнерін дәріптеуші Сәттар Сәрсенқұлов «Сайра бұлбұл» әнін шырқап,  аудандық өнер мектебінің ұстазы күйші Марғұлан Сейсенбеков Түркештің «Көңілашар» күйін орындады. Арқаның айтыскер ақындары Тілеген Әділов пен Мақсат Аханов жырдан шашу шашты. «Ислам дініндегі ең ізгі амалдары, ата-анаға құрмет көрсету, имандылық, рақым мен мейірімділік» дейді дәстүрлі дін өкілдері. Дәл осы ой Тілеген Әділов, Мақсат Ахановтардың термесіне арқау болып, отбасылық, дәстүрлі  құндылықтардың маңыздылығы айтылды.

Жиылған қауымды «Мәуліт» күнімен құттықтаған аудандық мешіттің бас имамы Ардақ Тукетаев осы діни мерекенің өтуіне қолдау білдіріп, жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысқан аудандық мәслихаттың депутаты Ертай Отыншин, Қарағанды қаласында тұратын жерлесіміз, атақты балуан Жұмабай Жандығұлов сынды атпал азаматар мен аудандық мәдени бос уақыт өткізу орталығына Алғыс хат табыстап, ризашылығын жеткізді.

Мәуліт айы – ислам дінінде өзіндік орны бар ерекше мерекелердің бірі. Мәуліт – араб сөзінен аударғанда «туылған уақыт» деген мағынаны білдіреді екен. Сондықтан әр жылы рабиғәләууал айында әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтi аталып өтiлуi ислам әлемiнде қалыптасқан дәстүр болып табылады. Мәуліт айы көптеген мұсылман елдерiнде кең көлемде аталып өтiледi. Бүгінде мәуліт мерекесін тойлаушылар саны елімізде күн санап артып келеді. аудандық мәдениет үйінде біз осының куәсі болдық. Осы орайда Мәулітке жиылған жұрт Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен үлгі алып, соған сай амал ету керектігін көкейлеріне түйгендей болды. Мәулітте ауылдық округтің имамдары дәстүрлі мәуліт-шәріпті оқыды. Онда Алла елшісінің қадір-қасиеті мадақталып, оған салауат айтылып, сәлем жолданды.


Кері қайту

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района