в актогае 25
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
Мобильная версия

Отан сүйгіштік, дәстүр мен мәдениет – бұл ұлтымыздың рухани іргетасы

Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады.

Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. 

Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр».

Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы мұсылмандық танымның негізінде қалыптасты. Имандылықты жастайынан үйренген дала тұрғыны сауатты болған. Тіпті, танымдық мағлұматты білімнің басы деп санаған халқымыз «Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағида қалыптастырған. Бұдан бөлек Ислам құндылықтарын білмеген, Алланың әміріне амал етпеген адамдардың халық арасында беделі де болмаған.

Енді қазақ халқындағы мұсылманшылықпен сабақтас дәстүрлердің бірнешеуін мысалға келтірейік:

Азан шақырып ат қою.

Қазақта «азан шақырып қойған аты» деген тіркес бар. Мұның өзі халқымызда осы мұсылманшылық дәстүрдің әу баста бар екендігін айғақтайды. Негізінде, нәресте туылған соң оң құлағына азанды, сол құлағына қаматты айту шариғатта сүннет амалға жатады. Бір хабарда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімнің баласы туылғанда оның құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге жын-жыбыр әсер етпейді», — деген.

Бір сахабадан жеткен риуаятта былай делінеді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды туған кезде Хасанның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан». Мұның өзі мұсылман ұрпағының дүние есігін ашқан кезде еститін ең алғашқы сөзі кәлима шәһәдат болсын деген ниеттен шықса керек. Һәм ғұмыры аяқталып, дүниеден өтерде де айтатын сөзі осы болады.

Сәбидің атынан құрбан шалу.

Қазақ халқында жаңа туылған нәресте үшін Жаратқанға шүкіршілік етіп құрбандық мал сойған. Сәбидің өмірге сау келіп, Аллаға шүкіршілік айтып, шілдехана тойын жасауымыз дінімізде әу баста қалыптасқан дәстүр. Бір риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Әрбір бала өзінің ақиқасына тәуелді: оның атынан жетінші күні сойылып, оның (баланың) шашы алынады». Сондай-ақ, Алланың елшісі (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хүсейіннің аттарынан бір-бір қошқардан шалғандығы туралы да дерек бар. Тағы бір хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ұл бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қой сойылсын», — деп бұйырған.

Сүндетке отырғызу

Қазақтың игі дәстүрлерінің бірі – ұл баланы сүндетке отырғызу. Сахих хадистер жинақтарында жазылған риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттер-ден). Олар: сүндетке отыру, денедегі түктерді алу, мұртты басу, тырнақтарды алу, қолтық түгін тазалау». Қазақ халқының бұдан да басқа мұсылмандық дәс-түрлері жетерлік. Осындай рухани құндылықтар ұлттық болмысымыздың арқауы болып келеді әрі оларды қаз-қалпында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жалпы ұлттық жауапкершілік.

Дәстүрден бидғат іздеп ұлттық тұтастыққа сызат түсіру Аллаға қарсы келу десе де болады. Ұлт туралы «Хужурат» сүресінде: «...Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен рулар қылдық» деп айтылған. Яғни, Алланың адам баласын ұлттар мен руларға бөліп жаратуында үлкен хикмет бар. Сондықтан ұлттық ерекшелік пен ұлттық болмыс өз табиғатында сақталып, қорғалуы керек. Дінді насихаттағанда  халықтың таным түсінігін ескере отырып, қиындатпай орта жолмен жүру керектігін Алла Тағаланың Өзі «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», - деп ескерткен. Сол себепті дәстүрімізді дінімізден бөліп қарау, мойындамау діннің талаптарына белгілі бір деңгейде қырын қарау дегенге саяды. Дәстүрдің озығы да, тозығы да болады десек те біздің салтымыздың дінімізге тікелей қайшы келетін жерлері жоқ десе де болады.  Халқымыз үшін дәстүрдің Ұлы Жаратушы белгілеген өлшемдердің шеңберінен шықпауы негізгі шарт болғаны шүбәсіз. Тәубе деп жантайып, шүкір деп оянған қазақ елі туралы басқаша ойлау мүмкін емес.

Бүгінде қазақ елі туралы өзіміз де өзгелерде қаны таза, кеңпейілді, қонақжай, бауырмал деген оң пікірлермен бірге аңғал, момын, жалқау, талапсыз дегендей  жағымсыздау пікірде. Осы қасиеттерімізді дәстүр мен дін таразысына салып бағалап көрелікші.

Қанның тазалығы ананың ақ сүті, атаның ақ жолы мен ақ тілегі арқылы  келді.  Ақ сүт адал астан, бойдың тазалығынан (ертедегі текті аналарымыз сәбиін дәретсіз емізбеген) болса, ақ жол ораза намазын қаза қылмаған ата-баба салты болатын. Жеті атаға дейін қыз алыспау қан тазалығын сақтаумен қатар қазіргі сан түрлі қауіпті ауруларға жол бермейтін, медицина мойындаған ақиқат. Ал текті жұрттың тілегі ұрпақ берсең қайырлысын бер деп келетін еді.  Өйткені,  Құранда не тілесең де қайырлысын тіле деген.

Кеңпейілді қонақжайлылық пен бауырмалдылық ежелден қазақтың қанында бар асыл қасиеттер.  Алла не берсе де пейіл ниетіңе қарап береді деп білетін еліміз келер ұрпаққа «Алладан тілегеннің екі бүйірі, адамнан тілегеннің екі көзі шығады» деген аталы сөз қалдырған. Пейіліміздің кеңдігін кемдік көріп момын, аңғалға балап ақ ниетімізді бағалай білмейтіндер де, асыңды ішіп, сырмағыңды тіліп  пайда  іздейтіндер де баршылық. Бірақ көктен түскен әрбір әмірді қанына сіңіріп, өмірінің өзегіне айналдырған асыл елім бәріне сабыр қылады.  Себебі, «Сабыр-иманның жартысы», ал иманы бардың – ақыретке жиғаны бар деп,  Алланың: «Расында, Алла тағала сабырлылармен бірге» («Бақара» сүресі, 153-аят) деген сөздерін медет тұтады.

Сәбә сүресінің 39-аятында «Аллаһ жолында не жұмсасаңдар да,  Аллаһ Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» десе, қазақ қолы ашықтың жолы ашық деген. Алла Елшісі (с.а.с): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ» - деген.  Ал қазағым оны қара өлеңінде «Қонақ келсе есікке, жүгіре шық кешікпе. Қарсы алмасаң қонақты, кесір болар несіпке» деп зерделеген.

     Ұлттық тамыр, ата-баба дәстүрі мен ұлттық руханият әрбір адамның ой-санасында және жан-дүниесінде, болмысында қасиетті құндылық ретінде орын алуы тиіс.

Қадірлі, ағайын, ел іргесі бүтін болсын десек дәстүр мен дінімізге теңдік іздеп, бірімізден біріміз кемдік іздемейік. Оны бәтуасыз бүлік сөздер толтыра алмайды. Кемшілік кімде болмайды. Алладан шын ниетпен тілеген қайырлы дұғалар ғана бағаңды арттырып, жаныңды жұтатып көңіліңді құлазытқан кем дүниеңді толтырады. Алланың көктен түсірген жібінен бірге ұстап, шын бақытқа бірге жетейік.


 

Ақтоғай ауданының Қоғамдық

кеңеснің төрағасы, аудандық дін мәселелері

бойынша ақпараттық-түсіндіру

тобының мүшесі

Сәрсембеков Маратбек Сәрсембекұлы                

 

 

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района