в актогае 28
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
Мобильная версия

Құрбан айт – мерейлі мереке

Бүкіл мақтау мадақтау Әлемдердің Раббысы болған Алла  Тағалаға тән. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбары  Мұхаммедке (ﷺ)  Алланың сәлемі және мейірімі  болсын! 

21-тамыз күні Құрбан айттың алғашқы күні кіреді. Қасиетті саналатын Зулхижжи айының алғашқы он күні  турасында Алла Елшісі (ﷺ)  былай деген: «Алла алдында зулхижжа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ» (Бухари). Қасиетті Құрбан айт мерекесі осы он күндіктің ең соңғы күнінде тойланады. Яғни, Арафат күнінде Құрбан айтқа қараған түні ауыз бекітіп, нәпіл намаздың санын арттырып, Аллаға шын ықыласпен құрбандық шалу сауабы мол ізгі амал болмақ.

Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің хадис шарифінде: «Құрбан айт күнін мереке етуге бұйырылдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке етті», - деді. (Әбу Дәуіт, құрбан, 1/2789).  Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз-намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізе ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», - делінсе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді (Әл-Айни, әл-Биная – 12/31 бет). 

Құрбандық шалудің реті мынадай: малдың аяқтарын байлап, сол жағымен құбылаға қаратып жатқызып, мына дұғаны оқиды: «Аллаһумма һәзә минкә уә иләйкә, фатақаббәл минни», қазақша мағынасы «О, Раббым, мұны Өзің бердің, әрі Өзіңе арнап отырмын, менен қабыл ете көр». Дұғаны айтып болған соң, «Бисмилләһи, Аллаһу Акбар» деп тамағынан бауыздайды. Пайғамбарымыздың (ﷺ): «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисін ескеріп, ертерек дайындалған дұрыс. Малдың өңеші мен екі күре тамыры кесілуі шарт. Малдың жаны шықпайынша, оның басы мен терісін денесінен бөлуге болмайды. Осы ретте ескеретін жай, құрбан шалатын кісі біле тұра «Бисмилләһи, Аллаһу Акбар» деп айтпаса, онда сойылған малдың еті харам, оны жеуге болмайды! Құран Кәрімде: «Біз барлық үмбет үшін, өздеріне берген малдан Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан, оған ғана бойұсыныңдар» деп айтылған («Хаж» сүресі, 34-аят).

Құрбандыққа сойылған мал үшке бөлінеді: біріншісі жетім-жесірге таратылады, екінші бөлігі туыс-туғанға, үшінші бөлігін өз отбасына қалдырады. Мүмкіндік болса барлық етті жетім-жесірге, кембағалдар мен аз қамтылған отбасыларға беруге болады. Отбасы мүшелері көп болса, етті өз отбасына қалдыруына да болады. «Хаж» сүресінің 28-аятында «Одан өздерің де жеңдер және мұқтаж, пақырларға да жегізіңдер», - деп айтылғанындай, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзгеге де берген абзал. Етті шикі күйінде тарату мұстахаб саналады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін - кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ешкашан құрбанның еттері, қандары Аллаға үлгермейді. Бірақ, сендердің тақуалықтарың үлгереді» ("Хаж” сүресі, 37-аят). Демек, Алла біздің сойған малымызды емес, ықыласымыз бен тақуалығымызды, ниетімізді қабыл етеді.  Алла Елшісі (ﷺ) хадисінде: «...қаны шыққан мал Қиямет күнінде (иесіне) мүйіздерімен, тұяқтарымен және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып, Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан шын жүрекпен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар» деген. Ал, келесі бір хадисте: «Құрбандыққа шалынған малдың алғашқы қаны жерге тамумен, құрбандық шалушының бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деген. Бұл мерекенің ұлықтығы да осында болса керек. Шалынған мал иесін қорғауға келсе, күнәлары кешірілсе, ең бастысы Алланың рақымына бөленсе, пенде үшін одан асқан қайыр бар ма?!

Кім қандай малды құрбандыққа шала алады?

Құрбандық шалатын кісі:Құрбандық шалатын кісінің мұсылман болуы; ақылды және балиғат жасына толуы; құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;  негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері - 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген.

Тек қа­на қой, еш­кі, сиыр жә­не түйе мал­да­рын ға­на құр­бан­дық­қа ша­лу­ға бо­ла­ды. Құр­бан ре­тін­де ша­лы­на­тын қой жә­не еш­кі кем де­ген­де бір жа­сар, сиыр екі жа­сар, түйе бес жа­сар бо­луы ке­рек. Ал­ты-же­ті ай­лық ке­пе қо­зы бір жа­сар қой сияқ­ты се­міз, ет­ті бол­са, құр­бан­дық­қа ша­лу­ға жа­райды. Қой мен еш­кі­нің ер­ке­гін, сиыр­дың ұр­ға­шы­сын ша­лу аб­зал. Тауық, қо­раз, қаз, үй­рек сияқ­ты құс­тар құр­бан ре­тін­де сойыл­майды.

Сондай-ақ, Пай­ғам­ба­ры­мыз (ﷺ) құр­бан­дық­қа жа­ра­май­тын мал ту­ра­сын­да: «Со­қыр­лы­ғы анық бел­гі­лі со­қыр, ауруы бел­гі­лі ауру­шаң, (жү­ре ал­май­тын­дай дә­ре­же­де) ақ­сақ­ты­ғы бел­гі­лі бол­ған ақ­сақ жә­не жі­лі­гі кө­рі­не­тін­дей өте арық мал­дар құр­бан­дық­қа жа­ра­майды», – де­ген.

Құрбан айтта ағайын-туыстың басын қосып, ренжіскендер жарасып, әрбір шаңырақта қуаныш, күлкі орнап, бала-шаға шат-шадыман жүруі осы дүниенің бақыты болса керек. Бұл күні барша жамағат арасында бірлікті нығайтып, бауырластықты күшейтуде рөлі орасан зор күн екенін байқаймыз. Құрбан айтта айт намазы біткен соң әр үйге ас ішу үшін ғана емес, татулық орнау үшін, туыстық қарым-қатыныс беки түсу үшін бару қажет. Ал, қыз-келіншектер келген қонақты шын пейілмен күтіп, дастархан жайып,  мүмкіндігі болса сыйлық үлестіріп берсе нұр үстіне нұр болмақ.  Ауруханада жатқан кісілерге танымасақ та қастарына барып, қал-жағдайын сұрап, бауырсақ, тәтті тағам үлестіріп, мерекенің ұлықтығын жариялай жүрейік.  Өлген кісілерге Құран бағыштап, әр үйде Құран айтылып тұрғаны абзал. Жетім-жесірлерге материалдық көмек қолын созу да артық болмайды. Асыл дініміз осыларды бұйыратынын ескере жүргеніміз абзал.

Ел-жұртымыз аман болып, барша мұсылманның шалған құрбандығын Алла Тағала қабыл етсін! Өзінің шексіз мейірімімен сансыз мол сауаптардан жазсын!

 

 

Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешітінің бас имамы

E-GOV - Электронное правительство Республики КазахстанУзнать больше
Карта района